Сен маған тамыр жайдың – Фариза Оңғарсынова

Бұл бетте «Сен маған тамыр жайдың» атты Фариза Оңғарсынова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 23.02.2022
  • 0
  • 0
  • 1415
Сен маған тамыр жайдың,
(мен жүргенмін көзімнен арылмай мұң),
содан бері туғандай жанымда Ай, Күн:
бей-жай тірлік тағы да былай қалып,
аласұрып сағынам, жалындаймын.
Жалғыз кешіп, дауыл мен жел екпінін,
жаным жаурап тоздырған желек-гүлін,
көппен жүріп күрсінгем
сезінгеннен
мені сезер бір жанның керектігін,
шуағыңды шаш енді, ерек Күнім!
Талай түстім торына тұзақ қылдың,
бірде күлдім жындыдай, жылап бір күн.
Арасында адастым құрақ-нудың,
өмір-сеңмен алыстым, құлап-тұрдым.
Дымы кеуіп, шөл жеген қара жер ем,
тамыр жайдың – тірілтіп, гүл аттырдың!
Қайғысымен күңіреніп жыр-жүрегім,
кейде ызамен шашатын мұңды лебін,
(жан дертімнің бір адам білді ме емін?)
Тағдырымның түнек-түн патшалығын
найзағай боп келдің де тілгіледің!
1983


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері