Мен осы қай топтамын, қай таптамын? – Фариза Оңғарсынова

Бұл бетте «Мен осы қай топтамын, қай таптамын?» атты Фариза Оңғарсынова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 23.02.2022
  • 0
  • 0
  • 1287
Мен осы қай топтамын, қай таптамын?
Ортамнан, қоғамымнан жай таппадым.
Запы боп ести-ести, шаршап біттім
жалаңаш ұрандарын, айтақтарын.
Қашқан жоқ, рас, сенім, үміт менен,
анамның шариғаты «біл, ұқ» деген:
«Өлсең де ар, ұяттан аттама тек», -
әлі күн осы заңмен жүріп келем.
Байлық жоқ, өлмей, қалт-құлт амалдадым,
байлығым – жақсы көрген адамдарым.
Кісілік, кеңдік сезсем біреулерден
жеткендей төбем көкке жаңарды әнім.
Құдайсыз қоғамыма , білем, жатпын,
жат көзге жүйкем темір, жігерлі-ақпын.
Тапсалар топан сулар, теңіз қайтар,
оралып ар мен ұят, күлер-ді ақ күн.
1984


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері