Көре алмай, іші күйіп жар сабаған – Фариза Оңғарсынова

Бұл бетте «Көре алмай, іші күйіп жар сабаған» атты Фариза Оңғарсынова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 23.02.2022
  • 0
  • 0
  • 1646
Көре алмай, іші күйіп жар сабаған
тыржиып жақтырмасын барша жаман.
Ал менің намысымды сырттай жыртып,
жүретін жақсы көріп қаншама адам!
Шалдықпай шырқасын деп ән-шағалам
сипайтын маңдайымнан қаншама ағам!
Саны жоқ аға, жеңгем, қатерлерден
жылайтын, қуанатын қалсам аман.
Жаныма қуат беріп соның бәрі,
шатқалды шыңдарды алдым жолымдағы.
Сол тілек қорғалап жүр жүрегімді,
әйтпесе қанша жарға соғылмады.
Оларсыз қалар ем мен қанаттанбай,
жарқылдап жүрегімнен ән ақтармай.
Еске алып ел сезімін, кейде отырам
биіктеп, көкірегімде таң атқандай.
Халқымсыз тілегімді кім тілерін
білмеймін, сөз таба алмай іркілемін.
Ол жалғыз мені туған ауыл емес,
ол мынау қазақ атты жұртым, елім.
Сағынып алыс кетсем бұлты, желін,
шықтарды шара көзге іркіп едім.
Кіміме сүйенер ем болмаса егер
ел деген алтын діңгек бір тірегім!
1985


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері