Ұлытауым – Фариза Оңғарсынова

Бұл бетте «Ұлытауым» атты Фариза Оңғарсынова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 28.02.2022
  • 0
  • 0
  • 2325
Қойылған ескерткіштей нұр күніме,
ұқсайтын туған жердің кіндігіне
киелі бір өлке бар қазағымда,
ту тіккен тірлігіме, бірлігіме.
Қайырмасы:
Тілімнің бесігі,
жырымның бесігі,
көңілдей кеңдігімен,
ерлігі, елдігі
жанымда өшпейтін, еңселі
Ұлытауым!
Ұлытау ұлылықтың байрағындай,
даламның алтын жалы, айдарындай.
Қастерлі, қасиетті тағдырымның
қалдырған тарихтарға айғағындай.
Қайырмасы.
Ұлытау — күн дидарлы сырлы аймағым,
сен жайлы шырқап салар тынбайды әнім.
Ата салт, ана дәстүр — қасиетіңнен
нәр алған суалмайтын жыр қайнарым.
Қайырмасы.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері