Өлең, жыр, ақындар

Өміріңе өкпе артпа

  • 08.04.2022
  • 0
  • 0
  • 1209
Көк аспан құсы самғар көңіл деген,
Сөйлеме бойыңнан да төменірек.
Өмірге тақпа кінә, Өмір деген —
Сен ойлар ойлардан да тереңірек!
Кең сарай күмбірлеген көңіл деген,
Жатады күйге батып шіркін, жүрек!
Өмірді қаралама, Өмір деген —
Сен сүйген сұлудан да сүйкімдірек!
Кең жайлау киік жайлар көңіл деген,
Айтпа сен ауырлығын тармақ құрап.
Өмірді ауыр деме, Өмір деген —
Сен өлшер өлшемнен де салмақтырақ!
Кең далаң керімсалдай көңіл деген,
Жүрсең де жеңіл болып тұзың бірақ.
Өмірден түңілме сен, Өмір деген —
Сен аңсар қызықтан да қызығырақ!
Кең шалқар көк теңіздей көңіл деген,
Әуенге асанқайғы салма, бауыр.
Өмірді өксік деме, Өмір деген,—
Сен тартқан қайғыдан да салмағы ауыр!
Кең дария толқын атқан көңіл деген,
Кезегін тосса-дағы қиын рет.
Өмірге түкірме сен, Өмір деген,—
Сен мақсат еткен таудан биігірек!
Кең айдын көрікті көл көңіл деген,
Көкейге қонбаса да күйің ұнап.
Өмірге азарланба, Өмір деген —
Сен тартқан азаптан да қиынырақ!
Жақсы ғой дүниеге құнықпаған,
Шалқысын неде болса көңіл-бұлақ.
Аз ғұмыр кешсең-дағы, ұмытпа, Адам,
Өмір ғой, сен арқылы Өмір бірақ!
Тірліктен жау тапсаң да, дұшпан емес,
Адамға Өмір деген дос қашанда!
Өмірден құс та биік ұшқан емес,
Өкпе артпа өміріңе ешқашанда!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Барселон

  • 0
  • 0

Ағып жатыр әрбір тұстан жылғалар,
Дүниеден күтетіндей, бір хабар,
Барселонда Барселондық мінез бар,
Барселонда Барселондық мұң да бар!

Толық

Ғашық жар

  • 0
  • 0

Қыран шыңнан басқа жерге қонбайды,
Адам болсаң тағдыр өзі қолдайды.
«Қыз күнінде бәрі жақсы...» дегенмен,
Тәңір сүйсе, жаман әйел болмайды.

Толық

Ескерткіш

  • 0
  • 0

Қазақ қазақ болғалы,
Кең далада көшіп-қонғалы,
Тағдырдың сан тарауындай жолдары
Бір арнаға тоғыспапты,

Толық

Қарап көріңіз