Бородино
"Айтыңызшы, маған, ағай,
Бермепті ғой французға жай
Өрт ұйпаған Москваны.
Болыпты ғой қырғын майдан,
Дейді әлемді қылды қайран!
Бородино күнін ойдан
Шығармайды Ресей әлі!"
— Болған рас біздің кезде,
Бұл өреннен ерлер өзге,
Сендердей ме, - батыр бәрі!
Күндері тек болды жаман:
Қайтты ұрыстан бірен-саран...
Болмаса егер тәңрім салған
Бермес еді Москваны.
Томсарып құр көп шегіндік,
Ұрыс болмай іштен тындық,
Күңкілдеді қарт біреулер:
"Мұнымыз не? Қыстаймыз ба,
Іліп орыс найзасына
Жау мундирін жыртпаймыз ба,
Батпай ма әлде командирлер?"
Таптық ақыр үлкен жазық
Серуендейтін бойды жазып!
Сол араға құрдық қамал.
Түрді құлақ барлық адам!
Зеңбіректі шалғанда таң,
Көрінгенде жасыл орман
Таяу қапты француздар.
Салдым оғын зеңбіректің,
Ойым досқа сый бермекпін!
Тоқта бәлем, міне, енді:
Не тұрыс бар, ұрысқа кел;
Қиратуға буындың бел,
Жанымызды қиып түгел,
Қорғамақпыз туған елді!
Атыстың құр екі күндей.
Жатамыз ба түк өндірмей?
Тостық алдын келер күннің.
Әр тараптан естілді сөз:
"Картечті алар жетті ғой кез!"
Майдан үстін, байланып көз,
Көлеңкесі көмді түннің.
Жантайдым мен көз ілуге,
Француздар ұзақ түнге
Жатты шулап, тойын істеп.
Жым-жырт бірақ біздің қосын:
Біреу жөндеп бас ылпасын
Біреу жанып көк сүңгісін,
Отыр күйіп, мұртын тістеп.
Саз бергенде таң қылаңы,
Қозғалды кілт гулеп бәрі,
Қатар-қатар тізілді сап.
Қолбасшымыз ер ед өрен,
Патшаға құл, солдатқа кең...
Жарасы ауыр: қылыш тілген,
Дымқыл жерде жатыр ұйықтап
Көз ашып кілт, қатты бір тіл:
"Москва бар ғой, ә, жігіттер!
Москва маңында өлген артық,
Бауырлардай өлген сонда!" –
Серт байладық біз сол жолға
Бородино майданында
Адал антты ақтап бақтық.
Күн-ақ еді! Басқан түтін,
Фраңцуздар қойды бетін
Бұлтша қаптап біздің шепке.
Ұланы алуан значекті,
Драгундары қыл шашақты,
Бәрі бізге келе жатты,
Бәрі де бар осы лекте.
Көрмейсіңдер ондай майдан!..
Ту желбіреп қанат жайған,
Көк түтінде жарқылдап от,
Болат шың-шың, оқ быжылдап,
Ерлер талды найза толғап,
Қан-жоса өлік, тау боп жан-жақ
Жолын бөгеп ұша алмады оқ.
Батты жаудың арқасына,
Тап боп орыс шайқасына,
Қолма-қолды білді біздің!..
Кеудеміздей шайқалды жер,
Қалды үйіліп ат, өліктер,
Мыңдап атқан зеңбіректер
Үні ұласып, күңренді ың-жың...
Жабылды ымырт. Сайланды сап
Таңнан тағы ұрыс бастап,
Табан аумай, шыдамаққа.
Гүжілдетіп кернейлерін,
Француздар қайтты кейін,
Соңда есептеп кім өлгенін
Кірістік біз санамаққа.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі