Өлең, жыр, ақындар

Теледидар алдындағы мылқау

  • 07.06.2022
  • 0
  • 0
  • 605
Мылқау отыр. Қабағы оның тас түйiн.
Сәл қозғалса қос жанары жас құйып
кетердей-ақ,
қадалады алқынып,
белiн бүгiп тiстенедi басты иiп.
Қадалады ол соғыс жайлы киноға,
(мұндай кезде түртпе оны, тиме оған).
Дүние тұр әлдененi айта алмай
көмейiне, кеудесiне сыймаған.
Дүние тұр құлағы бар, тiлi бар
жеткiзе алмай дымы бiтiп, құрыған –
қолын сiлтеп, тiстелейдi ерiнiн
ұмтылады мылтықтарын жұлып ап...
Естiмедi ол...жылқылардың шыңғырып,
құлағанын үзе алмастан шылбырын.
Естiмедi ол...
Экранда жұлқынып,
абалаған пулеметтер тұрды үрiп.
Естiмедi ол,
өңештерiн созып ап,
сиренаның жылағанын азынап,
бөбектердiң дауысын да,
ананың
аңырап келiп құлағынын қасына...
Естiмедi ол,
көрдi бiрақ барлығын:
бомбаларды,
қорғасын оқ жаңбырын,
қоймадағы жарылысты – бұрқ еткен,
аспанға ұшқан консервiлер қалбырын.
Естiмедi,
көрдi бәрiн ол бiрақ:
өткен кезде самолеттер бомбалап –
жарықшақтар соғып кеткен денеде
қып-қызыл ет тұрды iлiнiп, жалбырап.
Бiрi соқты қабырғаға өз басын,
бiрi жатты құрай алмай сөз басын...
Түсiнедi ол бәрiн, бәрiн, бәрiн де
шарасынан көл қып төгiп көз жасын.
Түсiнедi ол (арман болсын әр бiр үн).
Тек қана ол түсiнбейдi мәңгiлiк
адамдардың құлағы бар, тiлi бар
түсiнбейтiнiн бiр-бiрiн.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Түнгі аэропорт

  • 0
  • 0

Азат болып бұл жерде сан ойлардан
сан тағдырға құнығып қарайды адам:
табысу мен қоштасу, күлу, жылау,
абыр-сабыр асығыс бар айналаң.

Толық

Сағат жөндейтін шеберге

  • 0
  • 0

Жан секiлдi үңiлген кеп тереңге,
жан секiлдi үңiлген кеп өлеңге,
тық-тық етiп соғып тұрған дiрiлдеп
үңiлесiң нәзiк тылсым әлемге.

Толық

Наурыз суреттері

  • 0
  • 0

Бiр-бiрiмен табысып
ойдым-ойдым мұз-қарда,
жатыр ендi алысып
шуақ пенен ызғар да!

Толық

Қарап көріңіз