Бұлт жылады – Темірхан Медетбек

Бұл бетте «Бұлт жылады» атты Темірхан Медетбек жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 07.06.2022
  • 0
  • 0
  • 684
Бұлт жылады.
Бауырын қара тасқа талқандап ап,
Қағып ап тамшыларды толғанды алап.
Кең дала айқыш-ұйқыш жолдарымен,
Бұл тауды тастапты ғой арқандап-ақ.
Қос терек бiр-бiрiне мың қарасты,
Бас шайқап ақырында кiнәласты.
Ақ бұлақ асығыс кеп аңтарылған,
Тырнап ап құзар шыңды тұра қашты.
Қара түн сипайды тау арқасынан
Жоғалтып ай — теңгесiн қалтасынан.
Құзға кеп тiрелген жол тұрып қалды,
Шорт кесiп ақ балтырын ортасынан.
Қарашы сонау жатқан тау соқпағын,
Лақтырып тастағандай дәу шоқпарын...
Самалмен жәй теңселген кәрi емендер
Кезенер бiр-бiрiне саусақтарын...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері