Қап-қара түн – Темірхан Медетбек

Бұл бетте «Қап-қара түн» атты Темірхан Медетбек жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 07.06.2022
  • 0
  • 0
  • 842
Қап-қара түн.
Жатыр едiм –
Кенеттен
гуiлдеген жел басылып желөкпе,
тереземдi тырс-тырс ұрып алды да,
нөсер жаңбыр құйып кеттi шелектеп.
Құйып кеттi,
үнi неткен ересен.
тыңдап ал сен,
көшiрiп ал немесе...
Жырын басып жатқан-сынды көктемнiң
машинкадай сыртылдап тұр терезем.
Елiктiрiп ормандар мен тастарды,
басып жатыр тарауларын дастанның –
тереземдi тесiп өтiп кетер ме,
домаланған әрiптерi аспанның?!
Тыңдап көршi.
Дей алмассың: жабықтым.
Дей алмассың: жетер ендi жалықтым.
Құдiреттей күркiрейдi бар аспан
неткен iрi,
неткен ұлы шабыт бұл!
Аспан асты,
жердiң үстi –
алабым,
күмбiр-күмбiр сазға толып барады.
Жатқан-сынды темекiсiн тұтатып
қайта-қайта найзағайын жағады.
Тыңдап тұрмын.
Үнi неткен ересен.
Саздан басқа түк жоқ онда деме сен.
Жырын басып жатыр ұлы Көктемнiң
машинкадай сыртылдаған терезем!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері