Өлең, жыр, ақындар

Қаладағы қалың тұман

  • 07.06.2022
  • 0
  • 0
  • 925
Қалың тұман –
осы ма едi күз деген.
Мұндай күндi таба алмайды iздеген.
Қалың тұман.
Қалыңдығы соншалық
қалғандаймыз су астында бiз деген.
Жоқ секiлдi –
ендi бұйрық, жарлық та.
Жоқ секiлдi –
ендi кеңдiк, тарлық та.
Өмiр сүрiп жатқандаймыз бейне бiр
судың терең астындағы хандықта.
Бар айнала мүлгiп қалған тұнжырап.
Ойлар сенi iштен жейдi ұңғылап.
Селт етпейдi сезiмiң де сылбырап.
Жапырақтан шық сорғалап – тұр жылап.
Баяу ғана есiтiлiп сөздерiң.
Ақ бұлтқа айналады өз демiң.
Балықтардай iлбiп жүзiп барады
машиналар жағып алып көздерiн.
Сәтте өзгерiп адамдардың ұғымы,
бәсең тартқан бүкiл қала шуылы.
Маржан тастай жылтырайды әр жерден
қоқыстағы шынылардың сынығы.
...Әлденеден бұл дүние толардай
Толған оны әлдекiм кеп тонардай...
Топ-топ болып мүлгiп тұрған ағаштар
су астында мүлгiп тұрған тоғайдай.
Қандай қызық!
Табамын деп оймақ – жыр
Су астында бiреу үнсiз ойлап жүр.
Су астында адамдар жүр сөйлесiп.
Су астында бала бiткен ойнап жүр.
...Бұл дүние көзсiз мылқау сұрапыл,
жатқан-сынды бүгiп iшке қуатын...
Су астында –
бiреу әне ән салып,
су астында –
өлең оқып тұр ақын.
Тұр ғой қалың тұман басып тұнып-ақ.
Дем жетпейдi.
Дымқыл ауа.
Тымық-ақ.
Тартып тұрған секiлдi анау бiр жiгiт
темекiсiн су астында тұрып ап.
Бозғылт тұман,
бозғылт ағыс шайқаған.
Сұлулық деп мұны өзiмше айта алам!
...Тұман кенет ашылды да
ақ қала
жер үстiне қалқып шықты қайтадан!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Опасыз жанға

  • 0
  • 0

Мен сенi өзгелерден
Тосын дейтiн едiм.
Асыл дейтiн едiм.
Сөйтсем,

Толық

Құбылыстар мен бұрылыстар

  • 0
  • 0

Құбылыстары мен
Бұрылыстары көп
Заман бұл.
Шиыр-шиыр

Толық

Даладағы ой

  • 0
  • 0

Құтылып күйбең тiрлiк, сан ойлардан,
тартасың қайдасың деп арай далам.
Машина екпiнiнен
жан бiткендей

Толық

Қарап көріңіз