Қолшатыр астындағы адам және уақыт туралы ой – Темірхан Медетбек

Бұл бетте «Қолшатыр астындағы адам және уақыт туралы ой» атты Темірхан Медетбек жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 09.06.2022
  • 0
  • 0
  • 817
Қара жаңбыр.
Қала iшi.
Құйған саулап ағынды-ай!
Қолшатырға қарашы
өрмекшiнiң торындай.
Түсiп әуре-сарсаңға,
шалқып бiрде мұңданып, –
адам бейне сол торға
қалған сынды шырмалып.
Барады әне жырақтап,
Қара жаңбыр тасқында...
Бұл сурет қой
бiрақ та
мағына бар астында.
Адам деген жарықтық
түсер келiп сорына –
уақыттай қауiптi
өрмекшiнiң торына.
Мұны бiрақ ұға алмай
күйiп-жанып кетедi! –
Сол бiр тордан шыға алмай
жанталасып өтедi...
Жияды адам қуатын
құтылам деп сорынан...
Қара өрмекшi уақыт
жiбермейдi торынан!
Шырматылып, шатылып,
төгiледi шер болып...
Кетер сонсоң
ақыры
Уақытқа жем болып!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері