Қасіретім – Темірхан Медетбек

Бұл бетте «Қасіретім» атты Темірхан Медетбек жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 20.06.2022
  • 0
  • 0
  • 884
Қара тасқа –
Маңдайымды! –
Елiмнiң қасiретiн
Айта-айта соқтым.
Жоса-жоса боп аққан
Қанға қарамай
Қайта-қайта соқтым.
Соқтым!
Қасiретiмнiң салмағынан
Қара тас
Үгiлiп кеттi.
Түбiттей түтiлiп кеттi.
Шыдай алмастан
Қара жердi қос қолдап ұрдым!
Қара жер қақ айырылды.
Көтерiле алмадым! –
Қайратым майырылды.
Қасiреттiң
Өртеп бара жатқан күйiгiне
Шыдамай
Көлге сүңгiдiм.
Көл дегенiң
Қасiретiмнiң аптабынан
Бу болып ұшып кеттi.
Дүние
Тозақтың отындай лапылдап
Ысып кеттi.
Қасiретiм-ай!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері