Ерте қуарған ағаш – Темірхан Медетбек

Бұл бетте «Ерте қуарған ағаш» атты Темірхан Медетбек жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 25.06.2022
  • 0
  • 0
  • 604
Соған қарап мен
Сан ойлар торабында
Адастым:
Жапырағы желбіреп
Толысып толған
Бір топ ағаш ішінде
Тамыры суалған,
Бұтағы қуарған
Ағаш тұр.
Өзгелер үшін
Өзін өлімге қиып
Бейшара сол ағаш
Босқа күйді ме?!
Әлде күре тамыры
Жер астындағы
Тасқа тиді ме?!
Жоқ әлде,
Сол бір ағаштың
Өзегінде –
Көзге көрінбейтін!—
Өрт жанды ма?!
Жоқ болмаса,
Сол бір ағашты
Қайғыдай
Дерт шалды ма?!
Дәл қазір
Оның тағдырын
Көз алдыма
Ғапыл елестетем:
Сол бір ағаш
Тезірек отынға айналып
Отқа түсіп
Жанып кеткісі келген
Ағаштардың ішіндегі
Ақын емес пе екен?!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері