Сарыарқадағы сақылдаған сары аяз – Темірхан Медетбек

Бұл бетте «Сарыарқадағы сақылдаған сары аяз» атты Темірхан Медетбек жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 27.06.2022
  • 0
  • 0
  • 1179
Мына сары аяздың
Тісіңді тісіңе тигізбей
Сақылдауын-ай.
(Апыр-ай,
Осындай суықта да —
Тамағыңа тас тығылғыр! —
Әне бір қақсауық
Идеолог-шенеуніктің
Қарғадан бетер
Қарқылдауын-ай.)
Ұстарадан да өткір
Мына сары аяз
Тіліп тұр бетіңді.
Ауыздарынан
Будақ-будақ
Бу атқылаған
Адамдардың әр қайсысы
Қайнап бара жатқан
Самаурын секілді.
Осы бір аяздан
Бағандардағы шамдардың
Қып-қызыл құлағы.
Аяз сорып
Кептіріп жіберген
Аппақ қар —
Басып қалсаң! —
Шыны сияқты
Күтір-күтір сынады.
Неткен суық бұл!
Солтүстік Мұзды Мұқхитың
Бізге де жеткендей.
Мына суықтан
Жын-шайтан,
Ібіліс, диюларға дейін
Жылу қазандықтарының
Алып мұржаларына
Кіріп кеткендей.
Осы бір суықтан
Онсыз да жаны жаралы
Мына жұрт —
Тұтқынға түскендей
Бүгежең-бүгежең етіп
Тартып барады...
Сарыарқадағы
Сары аяздың
Тісіңді тісіңе тигізбей
Сақылдауын-ай.
(Осындай суықта да,–
Тамағына тас тығылғыр! —
Қақсауық идеологтың
Қарғадан бетер
Қарқылдауын-ай!)


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері