Өлең, жыр, ақындар

Костер басындағы әңгіме

  • 07.07.2022
  • 0
  • 0
  • 597
Түнгі аспанның төсінде
Дөп-дөңгелек ай жүзіп,
Көкала бұлттың үстінде,
Жарқырады жай жүзіп.
Тек ақ қарға бөленген
Алатаудың кеудесін,
Шолғандай ай көрінген
Шашып жарқын сәулесін...
Дала жым-жырт. Түн іші,
Күндізгі дабыр тоқталған.
Алып түннің тынышын,
Жазықта тек бір от жанған.
Түнде костёр жағатын,
Пионерлер дәстүрі.
Орысша айтсақ дәл атын —
Балалардың костёрі.
Лагерьге олар келген күн
Бірінші жаққан бұл костёр,
Сүйінтті көңілін көргеннің,
Жалынды жас теңдестер.
Құрғақ шырпы, бұтаны,
Тамызық қып алауды,
Тамызғанда тұтанды
От жарық қып алаңды.
Осы алауды қоршалай
Отырып, ойын ашқалы,
Жас ұландар қаршадай,
Әңгімені бастады.
Тамызық тастап алауға,
Бір ұлан құстай қомданған, —
Қасындағы балаға
— Келдің, — деді, — сен қайдан?
Қозғап қойып иығын,
Кенеп қойып тамағын,
Көзінің тастап қиығын,
Түріп шалбар балағын,—
Сөз бастады күлімдей,
Балқаштан келген бір бала, —
Отырмалық дегендей,
Әңгімесіз құр ғана:
* * *
— Мен келдім мұнда Балқаштан,
Ол сұлу жер күн құшқан!
Онда қалың қамыстан,
Аң асыр сап, құс ұшқан.
Құндыз түкті ондатр
Өсірдік, тым бағалы.
Бәрінен қымбат онда тұр
Мыс құйған завод арналы.
Вожатый Ержан сол кезде:
— Сөйлеңдер, бәрің — тыңдасып! —
Деп еді — балалар лезде
Сөйледі кезек алысып.
Ойнады жастар, күлісті,
Қойған жоқ сөзден құр қала.
Қызығып сөзге кірісті
Әр жерден келген әр бала.
Қарағандыдан келген бала:
— Көз сал Қарағандыға,
Күн сайын күші артылған.
Шахтерлер түсіп забойға,
Лавалар алға тартылған.
Машина, поезд, трамвай,
Жүйткісін деп ағылған,
Қопарды ерлер аянбай
Көмірді Қарағандыдан.
Жаңа үйлер биік, сәулетті,
Көз тартады жас қала!
Сымбатын өмір сәндетті,
Көмірге болды астана.
Жезқазғанның баласы:
— Мен айтайын ал енді:
Туған жерім Жезқазған!
Бұрын ол мұңды дала еді,
Жайнатты ел оны кен қазған.
Атағы мәлім еліме,
Мыңдаған ер мыс қазған.
Ұсайды алтын көліне,
Кен қайнатқан мыс қазан.
Теміртаудың ұланы:
— Мен де сізден кем емен,
Туған жерім Теміртау,
Теміртауға тең демен
Кенсіз, жалаң кейбір тау.
Онда темір қайнатып,
Құрышты отқа қақтаған.
Болатты қолда ойнатып
Тұрған ерге мақтанам!
Өскен соң мен ержетіп,
Болам құрыш құюшы.
Мамандыққа боп жетік
Құрышты билеп тұрушы.
Мұнайшының ұлы:
— Қасындағы Ембінің
Қалада біздің ел бүгін.
Бұлақтайын мұнайды,
Ембіден атты ер бүгін.
Жердің жарып қабатын
Тасқындай мұнай ағатын.
Сол мұнай ғой қақтырған
Аэроплан қанатын!
Егіншінің баласы:
— Тың жерде алтын толқындай
Жайқалды қырда ақ бидай,
Шағылып күнге жарқылдай
Басына моншақ таққандай.
Оратын егін күн туды,
Қырдың қызыл бидайын,
Құлшынып қырға ұмтылды,
Оруға дәнді комбайн.
Басталғанша сабағым,
Басында қырман боламын.
Бидайдың дәнін, сабағын
Шашпай, бағып-қағамын.
Мақтааралдан:
— Жерге шыққан егіліп,
Аппақ мақта түбіттей.
Тоқуға оңай иіріліп, —
Ұлпасы майда жібектей.
Кең далаға мамықтай,
Мақтаны егіп отырмыз.
Фабрикамыз шарықтай,
Жібектен киім тоқимыз.
Жылқышының жеткіншегі:
— Алыс емес колхоздан
Аққан өзен бойында,
Үйірлі жылқы мойны озған,
Жайқалған дала жонында.
Жылқыны көрмей тұрмайтын,
Болмайды менің бос күнім,
Жылқыда маған ұнайтын —
Өсірген өзім жас құлын.
Жылқы сырын білемін,
Атты жақсы бағамын.
Өскен соң атқа мінемін,
Асыр сап қырда шабамын.
Каспийден келген бала:
— Жерімді туған мен өзім,
Таппассың айтсам олқымды.
Жайлаймын Каспий теңізін,
Шалқыған көк толқынды.
Көк теңізден жоғары,
Көреміз бұлттың көшкенін.
Қайықшы құлаш қағады,
Толқынға сермеп ескегін...
Көк теңіздің түбінен,
Балықшы балық аулаған.
Ауына балық ілінген,
Бұлқынып тайдай тулаған.
Алматының ұланы:
— Ешкімнің жоқ таласы, —
Асқан сұлу Алматым!
Жайқалған бау-бақшасы,
Жуған шыққа қанатын.
Еміп өскен күн нұрын,
Жемісті тау жылғасы.
Дәмі тәтті бал шырын,
Нарттай қызыл алмасы.
Аялаған аймағын
Алатаудың арнасы.
Бағындай сұлу алманың —
Алматым білім ордасы...
Алатаудың көрікті
Күндізі де, кеші де,
Аямай көрік төгіпті
Ақ бұлт ұйықтар төсіне.
***
Советтік біздің отанда,
Жайқалған гүлі жеңістің! —
Жеңімпаздық қатарда
Ұл-қызы елдің, сен де өстің,—
Деп, ұландар легіне
Тіл қатты да, тұрды Ержан.
Түсінді сөз лебіне
Балалар жаны нұр жанған.
Тілдескендей жұлдызбен,
Жалыны костёр жарқылдап,
Ән тоғысты шың құзбен,
Самалдай таңғы аңқылдап...
Костёр оты ыстық тым,
Жалындап тұрды бұрқырай.
Мәңгі өшпейтін жастықтың,
Жұлдызындай жарқырай!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ньюстед аббаттығынан аттанарда

  • 0
  • 0

Ньюстед! Жел сабалап шарбағыңды
Адра қалғандай бір ата мекен,
Солдырып жайнап тұрған гүл басынды,
Баулардың басып үстін жатыр тікен.

Толық

Қаңтар

  • 0
  • 0

Қаңтардың айы сұлу, аспан ашық,
Айнадай айналамды ақ қар басып,
Жондарды жарқыратып алыпты орап,
Қойғандай құмшекерді жерге шашып.

Толық

Кенжебекке

  • 0
  • 0

Кенжежан десе Кенжежан,
Тең емес оған өзге жан,
Чапаевтай кеудесі
Керілсе жанды қозғаған,

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар