Ақманай – Тайыр Жароков

Бұл бетте «Ақманай» атты Тайыр Жароков жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 07.07.2022
  • 0
  • 0
  • 1073
Ай астында айнадай
Айдын көлің Ақманай,
Толқыныңа ай қарай, —
Аймалап таң атты арай.
Жағаң жасыл шымылдық
Жайқалып тұр ақ қайың,
Толқыныңа шомылдық,
Қарсы алды бау-бақтарың...
Ой, қырыңды ораған
Бұлақтарың сарқырап,
Орман шашын тараған
Күн сәулесі жарқырап.
Суық күміс айдын көл
Жиектессің Жайықпен,
Тыныстап бір алдым дем
Құлашымды жайып кең.
Аққу ұшып, қаз қонған
Ақманайы Уфаның,—
Аймағы айқын жаз болған
Сүйем жаңа ұрпағын.

Уфа, 1954


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері