Әкеге арнау
Жанарынан мейірім ұшқындаған,
Менің әкем балажан, жұмсақ болған.
Еркелетіп өсіріп, беттен қақпай,
Ұзатқанда еріксіз жылап қалған..
Уайымдап.. кетті деп әлдекімге,
Алаңдаған қызының ертеңіне.
Оған салса, лайық жан жоқ еді,
Жар болатын қызына жер бетінде!
Отыз жаста кетсем де ұзатылып,
Кенже қызын тұратын баласынып.
Уақыт өте түсінді қыздарының,
Жат мекенде гүлдерін бағы ашылып.
Ақыл айтып күйеуді ренжітпей,
Қалжыңдасып жүретін жездесіндей.
Келін болып кеткен бес қызының да,
Жеке өмірін сыйлаған жат кісідей.
Құдаларын құдайдай көруші еді,
Құдалыққа мың жылдық сенуші еді.
Жалғыз барсаң қыдырып «жылдам қайт»- деп,
Сыбаға-сый күйеуге беруші еді.
Қазір барсақ қарт әкем қарсы алмайды,
Зираты тұр томпайтып алмасайды.
Ұзақ жатсаң «болды енді, үйіңе қайт»,
Деп әкемдей ешкім де айта алмайды.
Кейде жұмсақ, ал кейде қайсар мінез,
Қайран әке, өмірден өттің бе тез?
«Әке күні» өзіңді жырға қосып,
Бағыштайын рухыңа көп дұға-сөз.
Г. Қасенбай
18.06.2023
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі