Аллаға мадақ айтқан құстар сынды – Оңайгүл Тұржан

Бұл бетте «Аллаға мадақ айтқан құстар сынды» атты Оңайгүл Тұржан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Анау қырдан көшетін құм аттанып,
Әуені естілетін шұбап барып.
Жер бетінде әлі де ән жоқ кезде,
Тастардың ән салғаны сияқтанып.

Ақша бұлттай сағына құшқан шыңды,
Жүрегім сансыз сазды ұстар сынды.
Тоқсан түрлі тараптан ұшып келіп,
Аллаға мадақ айтқан құстар сынды.

Төбелер жатыр үнсіз сақ-қамалдай,
Тұр десең, қазір тұрып аттанардай.
Жер шарын шыр айналып желіп жүріп,
Біздің ауыл тұсына тоқтағандай.

Жел соқпай, ит үрмеген түні бар-ды,
Жусанның небір көркем һүрі бар-ды.
Қып-қызыл сонау күнді айналып кеп,
Жер шары осы жерде тынығар-ды.

Ауылда еркіндіктің көш-күреңі,
Ойдың да жаңарады ескілері.
Азаттық деген сөздің әр әрібі,
Ән салып тұрғандай боп естіледі, ауылда!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері