Мен сағындым – Оңайгүл Тұржан

Бұл бетте «Мен сағындым» атты Оңайгүл Тұржан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Жылдар мынау – жасыңды санай келген.
Күндер мынау – боз қырау самай берген,
Көңіл мынау – жастық шақ келер ме деп,
Жүз бұрылып артына қарай берген.

Гүл-Көктемді аймалап күлетінбіз,
Тек ойлы еді бәрін де үзетін Күз.
У-шу боп, жұлдыз санап,
түнгі аспанда
неше жұлдыз барын да білетінбіз.

Құйттай-құйттай адыммен алшаң жүрген,
Моншақ тағып алатын сан-сан гүлден.
Бала күннің дауысы естіледі,
Жүрегімнің түбінде ән сап жүрген.

Сіздерге де дәл солай естіле ме?
Кей күндерің дәл солай кешкіре ме?
Армандарды артып ап келе жатқан,
Түстеріңе жаһұттай көш кіре ме?

Озған сайын оралар ойға дәйім,
Көңілімде бәрі тұр айнадайын.
Енді бізге келмейтін сол күндерді,
Мен сағындым, ал сен ше, айналайын?


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері