Адамшылық азайып бара жатыр – Кәкімбек Салықов

Бұл бетте «Адамшылық азайып бара жатыр» атты Кәкімбек Салықов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Өзгерсе өмір жаңғырған тысқы қалпы,
Кей ожардың ойлантты ішкі салты.
Шексіз байып, шен таңдап, талтаңдап жүр,
Таза емес-ау тапқаны, шикі арты.
Ұрлықпенен күшейсе қыр асуы,
Із жасыру – «пысықтың» шын кәсібі.
Бір қырсыққа соғарын ұққан шығар
Түбі былық табыстың құрасымы.
Ұялғаннан үндемей жүрміз тынып,
Шалдықпауды шатаққа қылдық ғұрып.
Ортамызда әлі бар майдангерлер
Ел қатарлы көрмеген тұрмыс құрып.
Таңдайыңда, беу, достым, татым бар ма?
Тас қоршаулы қарашы шатырларға.
Тұрады онда шенділер, магнаттар,
Бұйырмапты ол «бақыт» ақындарға.
Шетке кеткен доллардан есім танды,
Ақша тықпас қайда сау тесік қалды?
Қарабайдай ойлаған қара басын
Кей содырдан кісілік кетіп қалды.
Сабыр таппас сиқыма қара да тұр,
Тақағандай шошимын заманақыр.
Тәуелсіздік атына дақ келтірер,
Адамшылық азайып бара жатыр.

20.09.2005.
Астана


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері