Адамдық – Ерлан Ахмет

Бұл бетте «Адамдық» атты Ерлан Ахмет жазған адамгершілік туралы өлең берілген.

Тарлан ойлар талап жатыр жанымды,
Талапайға салды тірлік арымды.
Таңсәріде кең тыныстап оянып,
Талақ етіп кеткім келед барымды.

Қанатымды қайырады қаншық-мұң,
Қаным қайнап, талайларды жаншыппын.
Қара жерге қарай-тұғын биіктен
Қияндағы қыран құсқа таңсықпын.

Махаббат бар...
Махаббат жоқ...
Белгісіз,
Мұнар болды, сезінбеген сенгісіз.
Мен білемін, бақ пен соры бір жүрер
Махаббат бар ешбір жанға бергісіз.

Кімге керек біреулердің байлығы,
Кісілікпен өтіп жатқан ай, күні.
Көзі тоймас көкелердің дәулеті -
Көңілімнің бір мезеттік шайлығы.

Арайланып атқан таңға қуандым,
Арда жұрттың аманына жұбандым.
Адалдықтың ақ жолынан таймасам,
Адамдықтың асқарында тұрармын!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері