Нағыз бақыт – Есбол Бозан Өтежанұлы

Бұл бетте «Нағыз бақыт» атты Есбол Бозан Өтежанұлы жазған бақыт туралы өлең берілген.

Нағыз бақыт — ғылым менен өнерде,
Пайдаң тисе, сауап жасап көп елге.
Нағыз бақыт — қанағат пен иманда,
Сабырлықта, сақтай алсаң егер де.

Расымен бұл бақытты тапса адам,
Жетері хақ мақсатына аңсаған.
Бақыт деген — тыныштығы жүректің,
Іздемеңдер оны босқа ақшадан.

Нағыз бақыт — амандығы басыңның,
Бар болуы ана деген асылдың.
Нағыз бақыт — бұл ұйыған отбасың,
Әрі адал болғандығы асыңның.

Нағыз бақыт — қанағаттың болуы,
Басыңа даналықтың қонуы.
Нағыз бақыт — реніштерді ұмытып,
Жүрегіңнің кешірімге толуы.

Есбол БОЗАН
10.12.2025


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері