Көктем келсе, күнім қалай гүлдемек – Динара Мәлікова

Бұл бетте «Көктем келсе, күнім қалай гүлдемек» атты Динара Мәлікова жазған табиғат туралы өлең берілген.

Көктем келсе, күнім қалай гүлдемек,
Өзің жақтан әкелер ме бір дерек?
Әппақ қарлар билеп жатыр алаңсыз,
Көз алдымда дөңгелеп.
Жер үстінде, өмір жатты қаланып,
Аспан жақта құдіреттің бары-анық.
Көз алдымда ұшып жатыр ұстатпай,
Мендегі ізгі балалық!
...Жасымнан да, ғасырдан да жаңылдым,
Қармен бірге, қара жерге ағылдым.
Адамдарға үлестіріп үмітті,
Періштедей танылдым!
Сөйлемедім, сезінбедім, уақытты,
Ай аймалап, Күн күлімдеп жатыпты.
Жалғыз сөзді түсіндім де қалғыдым,
“Қарлар екен бақытты!”
Жұлдыз, аспан, көз алдымда Ай-анық,
Кеттім бір сәт, жай түскендей оянып.
Жер үстінде барады екем иленіп,
Ақ көйлегім, қара түске боялып!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері