Жолбарыс пен бақалар –
Сәли Садуақас
Бұл бетте «Жолбарыс пен бақалар» атты Сәли Садуақас жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
(Ханзу халық аңызы)
Өз басынан таймаған ырыс-бағы,
Көп аралап тау-тасты, гүлістанды,
Ұзақ жолдан үздіккен дәу Жолбарыс
Бүгін түні осында тыныстады.
«Атақ, даңқым әлемде құйғысын көп,
Басқа аңдардың жүрегін үңгісін дерт!» –
Деп ойлайтын жүкеңнің бұл орманға
Қонақтауы мінеки тұңғыш рет.
Көп жерлерді шиырлап кезіп келді,
Талай жемтік тірідей безіп берді.
Әл кетті ме, бойынан ар кетті ме,
Құлдық ұрар жануар кезікпеді.
Ашу кернеп алқымға тығындалды,
Ашу-ыза жүрегін сығымдады.
Үймелеп жүр көзіне осы орманның,
Жүрек жұтқан көкала шыбындары.
«Күйік қой бұл өмірде шынында ащы,
Кәрілік жеңді, халым бұл қиындасты».
Дегенде тақ түбінен құлағының
Көлдің қалың бақасы шұрылдасты.
Долы жөкең орнынан қарғып тұрды,
Гүр-гүр етті, маңайға жарлық қылды.
Деп ойлады: дауысым жан-жануар,
Жәндіктердің жүрегін шайлықтырды.
Білмейтұғын әділдік, қалыстықты,
Жөкең қалай бермекші таныстықты?!
Осы сәтте су ішкен өзі жаңа,
Көл бойынан ғажайып дауыс шықты:
– Кім боласыз? Елеуреп есіресіз,
Қарсы алмаймыз қонақты несібесіз.
Біздің мекен бұл ара, тез кетіңіз,
Танымаймыз сізді біз, кешірерсіз.
Мұны естіген дәу жөкең ғажаптанды,
Азапталды, жүрегі мазақталды.
Көл бақасы сөйлеп тұр анадайда,
Бас салуға қатумен аз-ақ қалды.
– Аузыңды жап! Қарыстыр жақтарыңды,
Ести алман енді көп шатпағыңды.
Қорашсынам, болмаса көрер едің
Бірақ шайнап жыныңды қаққанымды.
Әлмисақтан мәнсүп тек маған думан,
Ешбір пенде кесе өткен жоқ алдымнан.
Қалсын десең бойыңда шыбын жаның,
Аулаққа кет, көзімнен жоғал жылдам!
Жортуылдап келгенде ұдайы күн,
Мазамды алдың, кешірмес бұл айыбың.
Тау, су, орман, даланың қожасымын,
Көзіңді аш, танып ал, құдайыңмын!
Қозғалақтап қан батқан ұрты кері,
Осыны айтып дәу жөкең күркіреді.
Бірақтағы бақаның шырайынан,
Өңменінен өтердей күлкі көрді.
– Әуел баста-ақ ұққамын бөтеніңді,
Сырыңды ұғып ой-санам көтерілді.
Жауыздыққа жасқанып бере алмаймын,
Туып өскен ардақты мекенімді.
Жоғал дейсің, жоғалсаң өзің жоғал,
Қыстырмаймын құлаққа сөзіңді ожар.
Сескенте алмас жанымды қашандағы,
Сайтан отын жаққанмен көзіңде ажал.
Келседағы бұқтырып сан «жасықты»,
Қарсылықты дәу жөкең алғаш ұқты.
Осыменен айтысы екеуінің,
Талай сөтке дамылсыз жалғасыпты.
Хабарды естіп, майданға бұл қауіпті,
Жан-жануар, жәндіктер жиналыпты.
Ақылдасып барлығы қиналыпты,
Ақырында мынаған ұйғарыпты.
Көңілдері көрмеген лайланып,
Піл, Арыстан шығарды былай жарлық:
Көмбеден біз тосамыз даудағылар,
Ұлан тауды келеді бір айланып.
Біз сенеміз: әділет жасар мәңгі,
Көп сынасын мықты, иә осал жанды.
Бұрын келсе кім егер мекендейді,
Қасиетті осы көл, осы орманды!
Мұны естіген дәу жөкең көпіріпті,
Алақайлап күліпті, секіріпті.
Көл бақасы жасамай күпіршілік,
Төрешіден мынаны өтініпті:
– Тек өзімнің көретін күнім десем,
Жалбарынып сіздерге жүгінбес ем.
Азық-түлік, сусыным шөп ішінде,
Сондықтан да қан жолмен жүгірмесем.
Ұйғардыңдар жүйрікпен жарысуды,
Арман етем сіздермен қауышуды.
Жүгірейін бірақта жол шетімен,
Анда-санда шығарып дауысымды.
Сүйтіп бақа сарнап бір тақылдапты,
(Ойында оның жасырын ақыл жатты).
Менменсіген жолбарыс бұғандағы,
Басын изеп табанда мақұлдапты.
Бақа келіп көл суын сапырыпты,
Серіктерін маңына шақырыпты.
Болар істің бой ұрып болжамына,
Байыппенен бәрі бас қатырыпты.
Түніменен бақалар жол жүріпті,
Біреуінен біреуі мол жүріпті.
Ұлан тауды айналып, дауыс жетер
Жерге бірден барлығы орнығыпты.
* * *
Ертесінде бәсеке басталыпты,
Піл, Арыстан жиынды басқарыпты.
Шөпті аралап кетіпті бақа байғұс,
Жөкең тартып қан жолмен асфальтті.
«Ал!» дегенде-ақ зытты жолбарыс қатты,
Қараса енді көмбе де алыс қапты,
Айғайлады:
– Бармысың бақа?
Сонда,
Шықты алдынан «шұр» еткен дауыс қатты.
Селк етті де дәу жөкең қайран қалды,
Ойлаған-ды азырақ сайрандауды.
Намыс керек ол үшін, табыс керек,
Кетті зулап бұл жерге айналмады.
Мерт қылатын ежелден егескенді,
Асты ол талай дөңдерді, белестерді,
Жіпси қалды қолтығы көз алдынан,
Ұшқындары жеңістің елестеді.
«Тоқтамадым, бұл рет шықтым алыс,
Жер тістетіп жауымды ұтты намыс» –
Деп ойлады: сол кезде тағы алдынан,
– Жүгір жөке! деген бір шықты дауыс.
Селк етті де дәу жөкең ғажаптанды,
(Дауыс шыққан жаққа бір қарап та алды).
Қайталайды бақаның лабасындай,
(Лаба – дауыс күшейткіш аспап.)
Жаңғырығып тау мен тас алаптағы.
Тағы кетті, етпестен көп іске елең,
Ыра төмен ылдилап, еңіспенен –
Аққан жұлдыз секілді барады ағып,
Құлағына шалынып жеңісті өлең.
Сай аузына шықты да тоқтай қалды,
Жанарлары жалтылдап оттай жанды.
– Бақа, бақа бармысың?
– Мен алдыда!
Енді міне бұл дауыс оққа айналды.
Жай соққандай жөкеңнің шошып тәні,
Болды сәтке аққандай жосып қаны.
Намыс керек, өйткені пендесінің
Сол көмбеде тұрмай ма тосып бәрі.
* * *
Бір-біріне міндетін алмастырып,
Ұлы мұрат ойларын жалғастырып –
Жатты қалың бақалар, жөкең үшін,
Бұл бір сырлы кілті жоқ алмас құлып.
«Бақа–бақа бақылдақ» шымыр әлі,
Жан ұшыра дәу жөкең зымырады.
Дәрмен кетіп барады, «ер» жүрегін,
Шұрылдаған дауыстар суырады.
Мимырт бақа неліктен қалыспайды,
Әлсін-әлі алдынан дауыстайды.
Қуып жеттім дегенше, «мен мұндамын»
Деген үні бақаның алыстайды.
Енді міне көмбеге жақындасты.
Бақа тағы алдынан бақырды ащы.
Ұтты бақа, Жолбарыс қалды ұтылып,
Осыменен бұл жарыс ақырласты.
Елге қарар жөкеңде бет қалмады,
Бір-ақ күнде селге ағып кетті арманы.
Қалды орман, көл, жылыстап тайып берді,
Көлеңкелі көңіліне кек байланды.
* * *
Орындалып етене дос арманы,
Жан-жануар, жәндіктер масайрады.
Табаланып бөспелік, есерсоқтық,
Ойрандалар мен-мендік қашандағы.
1979 жыл
- Рымғали Нұрғалиев
- Серік Қирабаев
- Мұхтар Әуезов
- Міржақып Дулатұлы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі