Қыздың ауылы

Бұл бетте «Қыздың ауылы» атты Еркеш Ибраһим жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Қыздың ауылы қызығы мол бір жұмақ,
Қыз ауылының шыны-аяғы сыңғырап,
Сылдыр-сылдыр ақ шолпылар сылдырап,
Ақ шолпыға əн қосқандай мың бұлақ.
Қыздың ауылы бүгін мүлде басқадай,
Қыз ауылында Ыбырай мен жас Жабай.
Сырттағылар сығалайды жабықтан,
Балқып қалған шаңырақта асқақ ай.
Қыздың ауылы шалқып жатқан əн бүгін,
Өнер туын көтереді таң бүгін.
Қыз ауылының аққу құсы – Кəкима,
Таңырқатқан тыңдаушының барлығын.
Қыздың ауылы көрмеп еді мұндайды,
Тыңдаушылар таңдай қағып шулайды.
Жас Кəкима домбыраны гулетіп,
Көк өзендей толқытады сырнайды.
Аққу сынды егіз көлге тел өскен,
Самал сынды соққан жұпар белестен.
Қызған сайын шығандайды дауысы,
Ақ қанаты талып кетер деместен.
Бүгінгі таң бейне қанды сонардай,
Ақ тұйғынның айызы бір қанардай.
Қос қыранды қанжығаға байлатып
Өнерімен матап, байлап алардай.
Бүгін таңда бір ғаламат болардай,
Керген куə естерінен танардай.
Екі бірдей сал-серісін Арқаның
Өнерімен бір түкпірге қамардай.
Биік көкте бір сайранды салардай,
Бұл айқаста нажағай боп жанардай.
Қос тұйғынның жеңсе-дағы қайсысы,
Жекпе-жекте тырнағында қалардай.
Неге болса, шыбын жаны бекемдей,
Қыз қылығы бүгін тіпті бөтендей.
Жығылса да шын дарыннан жығылып,
Пенде болып тырнағында кетердей.
Айдындағы аққу құстай қалқиды,
Көктемдегі көк мұнардай толқиды.
Арасында домбыра мен сырнайдың
Маздап бейне бір ақ жалын шалқиды.
Аппақ жүзі арман құсап аңсаған,
Қылықтары мың шырақтай самсаған.
Тақ кезінде оянғанда керіліп,
Ақық сəуле қағатындай арсалаң.
Күндей жылы күлімдеген көздері,
Оттай ыстық еркелеген кездері.
Бір ғұмырды тұратындай жасартып,
Пəк жүректің білгені мен сезгені…
Құс боп ұшып жүрген сынды қыз бен əн,
Нажағайға бауырын тесеп мүздаған.
Жанның шерін əніменен тарқатып
Көптен бері көкірегінде сыздаған.
Ту биіктен түгел шолып маңайын,
Тамсандырып тыңдаушының талайын,
Ыбырай да саңқылдайды қырандай: –
Тусаң ту, – деп, – туғаныңа болайын!
Неге, Жабай, бұл сапарға қинадың,
Қыз емес бұл, екен менің иманым.
Əнім түгіл, жаным түгел садаға,
Бəрі-бəрі бұл өмірден жиғаным.
Ынтық болсаң ынтығатын гүл екен,
Саған бүгін кездестірген кім екен?
Бұған дейін салған əнім бос айқай,
Бұған дейін көрген күнім түн екен.
Саған бүгін кездестірген Құдай ма,
Қолың бірақ жетсе жарар бұл айға.
Алып шықтың неге мұндай сапарға,
Көңілім шерлі жан едім ғой былай да.
Ынтық болсаң, ынтық болар құс екен,
Кездестірген сені қандай кісі екен?
Өнеріне көрігі сай періште,
Өміріңде бір-ақ көрер түс екен.
Ғашық болсаң, ғашық болар қыз екен,
Шын арманда қалып қойған біз екен.
Бұған дейін көріп жүрген қызығым
Қызық емес, Жабай жаным, күз екен.
Бұл қиынға салдың неге, Жабайжан,
Қиналғаннан тер кетті ғой самайдан.
Қарындасым, берер едім батамды,
Теңің бірақ табылар ма маңайдан?
Қыр елінің ақ сұңқары, қарағым,
Бар батамның бəрін саған баладым.
Əнге бола біткен екен үлбіреп,
Аққу мойын, аппақ қардай тамағың.
Мейірімің мөлдіреген жүзім бе,
Бар ғаламның бал шырыны жүзіңде.
Қайда болдың жарқыраған жазымда,
Кездестірдім енді неге күзімде.
…Шын өнердің айқасына мынадай
Қызу қанды Жабай кетті шыдамай.
Жас серіге сүйсінгенін білдіріп,
Қарай қалды талай көздер сығалай.
Əуеніңде алыс арман, мол үміт,
Таудың мөлдір бұлағындай төгіліп,
Дірілдеген сырнай тілі демігіп,
«Сүйем», – дейді, «сүйем», – дейді емініп.
«Сүйем», – дейді, «сүйем», – дейді жалынып,
Он саусағы пернелерге сабылып.
«Сенің осы саңқылдаған үніңді,
Келдім дейді, – айналайын, – сағынып».
Қас қаққанша сұрша жүзі құбылып,
Айтар сөзі тамағына тығылып,
Туы бірде шың басынан жығылып,
Туы бірде шың басына тігіліп.
Жиі қаққан кірпіктері бусанып,
Құйындана қүйқылжиды шын шабыт.
Дəл қазіргі тағдырына риза,
Құлатса да аяғынан кім шалып.
Енді-енді жеткізердей бір үміт,
Жалынады еліп, кайта тіріліп.
Бала жігіт барын салып тынады,
Ұмытылып бойындағы ірілік.
Ал аққу қыз одан сайын кербезсіп,
Оңайлықпен үзеңгісін бермес қып,
Бір-ақ ырғып шығандайды алысқа,
Асау арын ырық бермей дөңбекшіп.
…Сол шақта шыдай алмай кетті қыран,
Жаңғыртып бар даланы өтті бір əн.
Қыр елін сілкіндірді Ыбырай даусы,
Жуықта басылмастай аптығынан.
Бірден-ақ па, сабазым, шіркіндетіп,
Жүйкенің шыңырауына дүмпу жетіп,
Айғайы алты қырды аңқылдатып,
Сабасын сексен көлдің күмпілдетіп.
Қымыздай бір-ақ жұтар сылқылдатып,
Талдырып, бір əуенмен мың тіл қатып,
Телміртіп, тыңдаушысын тебірентіп,
Əніне əлденені қыңқылдатып.
Балқытып, бал үзгендей балбыратып,
Ақ қанат алма гүлді албыратып,
Шырқатып, шығандатып, аспандатып,
Қалқытып, қайсарлықпен қалжыратып.
Аңсары май айындай маужыратып,
Əн емес, бейне көктен жауды ақық.
Шүйілген қырдың қызыл түлкісіне
Қырандай топшысынан алды қатып.
Жан сырын шүпілдетіп, мөлдіретіп,
Жүрегін бар тірліктің елжіретіп,
Тілеген Мəжнүніндей тентіретіп,
Жалауын махаббаттың желбіретіп.
Үмітін мың ырғақпен үзілдіріп,
Неше бір нəзіктікті тізілдіріп,
Тағатты талмауратып, таусылдырып,
Сыңсытып, сыбызғыдай сызылдырып.
Жанарын Кəкиманың сүзілдіріп,
Екпіні əлденені ұғындырып,
Ыбырай лекілдетті əн бұлағын,
Ішінен талайларды қыжындырып.
Əнімен не бір нəзік талмауратып,
Шаңына талайларды алды аунатып.
Қияға қияндағы жеке қонып,
Тыңдаушы талай-талай қалды-ау қатып.
Əн емес, қазір от боп жанатындай,
Ақ иық шүйілгенін алатындай.
Мың ирек, мың өрнек боп құбылады,
Отының тоқсан бояу қанатындай.
Жарқылдап, бір найзағай кеткеніндей,
Шүмектеп қара нөсер өткеніндей,
Сезімді балқытады отты жалын
Жастықтың қызғалдақты көктеміндей.
Жырлайды туы қылып құштарлықты,
Білмейді жатсынуды, іштарлықты.
Əзірге аруақты əні ғана
Сезбейді сергелдеңді, дұшпандықты.
Отыр тек, отыр əнді лақылдатып,
Жалынын жүрегінің лапылдатып.
Өзіне сырластарын алыстатып,
Өзіне алыстарды жақындатып.
Отыр ол ең əуелі əнді сүйіп,
Əнімен кімді сүйсе, мəңгі сүйіп.
Басқаны дүниедегі елемейді,
Сəуледей тұншығатын таңғы тұйық.
Сияқты арты бір өрт, алды тұйық,
Қабағын талай ару алды түйіп.
Маңдайын əнші сонда сүрткілейді,
Көзінен отырғандай қанды тыйып.
Бір нəзік ыстық жастар сіркірейді,
Бір қатал отты селдер күркірейді.
Жүректер аттай тулап, дүрсілдейді,
Əншінің көмекейі бүлкілдейді.
Осылай тынды Ыбырай жырақ барып,
Əн толғап, кеудесінен күй ақтарып.
Бейне бір əлемдегі сұлулықты
Сүйетін жалғыз өзі сияқтанып.
Сол ғана аяулысын өбектетті,
Басқадан жұрт көзінше бөлек кетті.
Құпия сырға толы бір бақшаға
Жетектеп ақ білектен, дедектетті.
Əнімен бар ызғарды қуырып ап,
Аруды кетті оңаша суырып ап.
Зəредей еш қарсылык, білдірмеді,
Қалса да басқалары буынып-ақ.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері