Əн күші
Бұл бетте «Əн күші» атты Еркеш Ибраһим жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Бұл шақта ал ақын тым ерен еді,
Бар деп ол би-болысты елемеді.
Ұмытты бар-барлығын осы дарын,
Ұмытты санаулы тек досы барын.
Ұйыған тыңдаушыда қасы барын,
Тігілген қарауылға басы барын.
Қалқытты сұлу əнді безектетті,
Жанарын бір жанарға кезеп кетті.
Шақырды ту биікке, ту алысқа,
Тасындай диірменнің безеп кетті.
Арқасы аруақтанды, иықтанды,
Қабағы қыртыстанды, қиықтанды.
Арманы талайлардың ұйып қалды,
Бір жүрек мəңгі бақи сүйіп қалды.
Сыр бар ма бөлек, мына қыз көзінде,
Немене көкірек кез күмбезінде?
Ол неге оңашаға шақырады,
Май қайта туғаны ма күз кезінде?
Қабағы неге сонша тебірентеді?
Болар-ау мұны да ол көрген, тегі.
Күлімдеп бұлақ болып ағындайды,
Күн нұрын кеудесінде тербелтеді.
Мына қыз – лаулап жанған ашық жалын,
Тентіреп іздегендей ғашық жарын.
Сол үшін талақ етіп бар ғаламды,
Сол үшін талақ еткен асыл бəрін.
Бейне бір басқа бəрін талақ етіп,
Арманын талайлардың қараң етіп,
Осынша құлпырады бұл қыз неге,
Жанарын төңкергенді тонап өтіп?
Ынтығып ұмтылғандай бұған ғана,
Бір сəуле ақ жүзінде қылаң қаға,
Бұл сəтте бағынбастай əкеге де,
Бұл сəтте бағынбастай құранға да.
Жалынын от теңіздің шайқалтады,
Жанының көктемесін жайқалтады.
Қос оттың ортасында балқып тұрған,
Басқаша бітетіндей той тарқары.
Əулие өзін ғана тұтатындай,
Серімен серттесе де ұтатындай.
Қолына бүтін түссе қалағаны,
Құшырмен қылғымастан жұтатындай.
Əлдене кірпігіне байланады,
Əлдене сонша терең ойланады.
Сол шақта ұмытады Жабай барын,
Сол шақта ұмытады айналаны.
Ойнақтап қос жанары маралдайын,
Қаракөз теңіздегі аралдайын.
Құнығып құпиясына шақырады,
Арманын сусындатып қанардайын.
Күлкісі көктен жұлдыз себілгендей,
Немесе аспаннан нұр төгілгендей.
Жанары жаудыраған жаныңды жеп,
Болады əлденені емінгендей.
Тек қана бір өзіне ерігендей,
Өмірден барлық басқа жерігендей.
Біресе нарттанады батар күндей,
Біресе таң нұрына телігендей.
Бір жалын бар ұстамын қыстағандай,
Сезімнің аруағы ұстағандай.
Мөлдірді сүзіп ішкен киелі құс
Мергеннің мылтығынан ұшпағандай.
Жанардан бір жалын от төгілгендей,
Бұрқырап асау теңіз тебінгендей.
Арманы құйындатып тап болғандай,
Арманы дауылдатып шегінгендей.
Ойнайды бота көзде жалын басқа,
Болмайды табынбасқа, жалынбасқа.
Қоймайды қызып алған əнші жанын
Тұлпардай терлетпеске, сабылмасқа;
Саусағын перне бойлап шаптырмасқа,
Жаңа бір əн сарайын аштырмасқа,
Сайратып мың əуенмен күйлетпеске,
Қос ішектің үстін басқа, астын басқа.
Дауысын мың толқыта құбылтпасқа,
Жетелеп жер-жаһанды қыдыртпасқа,
Əніне құйындаған, құйқылжыған,
Куəні аяғына жығылтпасқа,
Бір дауыл пайда болып көмекейде,
Шақырып жекпе-жекке, кəнекейге,
Түлкіні бұрын көрген аңшылардай,
Басқысы келді бірде «əнекейге».
Құбылып алма жүзі қыпылықтап,
Сабыры басылады ықылықтап.
Əн егер еңіресе бірге жылап,
Əн егер күлімдесе, сықылықтап.
Əнменен бірге заулап құрақ ұшып,
Алдынан ағатайлап жыр ап ұшып,
Əн егер бал шырындай тамылжыса,
Бұлағын мөлдіреген шылап ішіп.
Осындай сал-серілер, көр дегендей,
Кеудесін күй перісі кернегендей.
Отыр ол тасқын əнмен бірге шалқып,
Топасқа кейін тартқан ермегендей.
Шырлатып, шығандатып шырқатпасқа,
Саңқылдап сол биіктен үн қатпасқа,
Басқаны əуенімен мас қып тастап.
Бір өзі бота көзге тіл қатпасқа.
Əншіге ерік жоқтай одан басқа,
Қайқайып, қайырыла оралмасқа,
Тағы да шырқап биік ызғытпасқа,
Ақ бұлттың ар жағына жоғалмасқа,
Тағы да сілтеп əрі ызғытпасқа,
Қанаты қырауланып, мұз жұтпасқа,
Сайраған сыршыл əннің сиқырымен
Басқаны телміртпеске, мызғытпасқа,
Əн селін нөсерлетіп жаудыртпасқа,
Бал үнге бал көмейін саудыртпасқа,
Бебеулеп бөлек үнмен ырғалтпасқа,
Жанарын нар түйедей аудыртпасқа,
Шығандап шабыттана шалқымасқа,
Əнімен, жаныменен балқымасқа,
Желпілдеп жел боп қана қыз жағына,
Сияқты ауған түйе толқымасқа,
Қызғанып, басқа мейлі қызғанбасын,
Балқытып отырмасқа қыз жамбасын,
Кеудесін құрыш төстей күйлетпеске,
Өзі ұстап, алау əннің қызған басын,
Кеткендей қас қағымда көлкіп Көкше,
Майдайын самалменен желпітпеске,
Қиямен қиядағы жолды кешіп,
Талып кеп құламасқа балқып төске,
Тағатсыз ақ кеудеде талпынбасқа,
Еркі жоқ ентікпеске, алқынбасқа.
Бұл неге қызғанбасқа, қызықпасқа,
Əн үшін ару басқа, алтын басқа!
Бұл неге қызғанбасқа, қызықпасқа,
Ыбырай болғаны ма үзік таспа?!
Домбыра сол əуенге қосылмаса,
Пернесін сыпыр-дағы, үзіп таста.
Бəрін де солай неге ұмытпасқа?!
Ендеше, əншіменен қырып таста
Ендеше, тыңдаушыны тамсандырып,
Ындынын сол əуенге құрытпасқа!
Осылай сал Ыбырай сорғалатып,
Төгіле тайпалады жорғалатып.
Зергерлеп үн бедерін жалтылдатып,
Сияқты жарқыл қаға жанған ақық.
Шүмектеп шүпілдетіп, лықылдатып.
Қанатын сусылдатып, сыпылдатып,
Ақиық аңға түскен сықылдатып,
Тағатын талайлардың қыпылдатып,
Əнімен шаңырақты сықырлатып,
Үзгендей əлденені сытырлатып,
Шырлатып бір орында қалықтатып,
Жүректің тамырларын тыпырлатып,
Қос жалын бір-біріне лапылдасып,
Қойғандай қас пен көзге ақылдасып,
Қалды ма, аңғармадым, шыныменен
Еріндер бір-біріне жақындасып?
Ыбырай отырғанда көлкіп, тасып,
Саусағы пернелерді балқып басып,
Мені де арбады ма, аңғармадым
Қалғанын қапияда қолтықтасып.
Қиды ма досты қызға, қимады ма?
Қия алмай, берген серті қинады ма?
Биікке шығып алып сорғалаған,
Жиды ма əн топшысын, жимады ма?
Сүйді ме, Кəкиманы, сүймеді ме?
Адалдық əлде бəрін биледі ме?
Қураған құмарлықтың қамысына
Тиді ме əн шырпысы, тимеді ме?
Сыйды ма жалын ішке, сыймады ма?
Тыйды ма ақ семсерін, тыймады ма?
Ұстаның ұстамы мол ұстам суын,
Құйды ма қалың өртке, құймады ма?
- Рымғали Нұрғалиев
- Серік Қирабаев
- Мұхтар Әуезов
- Міржақып Дулатұлы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі