Той үстінде

Бұл бетте «Той үстінде» атты Еркеш Ибраһим жазған мерекеге арналған өлең берілген.

Япыр-ау, ауылы ма Кəкиманың?
Дауылға ұшқаны ма жапырағым?
Қиярмын қалай сені жат қолына
Жат елден бұйырған ба топырағың?
Қышиды мұнша неге көзім менің?
Суырған үйден мені өзің бе едің?
Кеудеме қайтып қонған əнім бе едің
Арқаның аңыратқан боз інгенін?
О, тəубе, тəубе, жаным, бұған-дағы
Сертімнен уəделескен шығам-дағы.
Көкшенің босағасын аттарында
Сұңқарың ұшқан сен деп шығандағы…
Кəкима, айналайын, Кəкимашым,
Көзінен сүртті келіп ақын жасын.
Дірілдеп тəтті бір сөз сыбырлашы,
Таңдайы Ыбырайдың тақылдасын.
Ақынның жасаураған сүртші көзін,
Əн болып лапылдасын ыстық сезім.
Талаурап, талмаусырап, тамылжытып,
Ұшырсын тағы да бір құс қып өзін.
… Кəкимаш, осынау үйге келсең етті,
Етсең де сылтауға бір жел себепті.
Отыр ол, көзіне бір көрінбесең,
Бар-барша қорашсынып қошеметті.
Кəкимаш – жауқазын гүл көгалдағы,
Түсіріп аттан өзі неге алмады?
Кептелген кеудесіне сағынышын
Ыбырай əнмен неге төге алмады?
Ырғағы аспандағы ырғап айды,
Үкілі домбырасын бұлғамайды.
«Асылы келгенінде қыз қылығын, –
Деген сөз бар еді ғой, бұлдамайды».
Ол неге тебіреніп жырламайды,
Жабыңқы қабағынан мұң қарайды?
Манағы шырқау үні қайда кеткен,
Жүрегі домбыраны тыңдамайды,
Екі ішек бір-біріне үндеспейді,
Əн сазын белуарлап бір кешпейді.
Бейне бір бақастардай, күндестердей
Жауыққан, ынтымағы бірлеспейді.
Екі ішек екі емендей майыспайтын,
Екі ішек екі мықты сайыстай-тын.
Жүрегі Ыбырайға сыздамайтын,
Ақынға қабырғасы қайыспайтын.
Саусағы семіп қалған ағаштардай,
Үскірген мына шілде қара аспандай.
Перне мен пернелердің арасында
Бармағы мияу болып адасқандай.
Үнінен манағыдай бал тамбайды,
Əлдене шідерлейді, арқандайды.
Тебініп ұшса-дағы тұғырынан,
Дəл басып түсе алмайды, қайқаңдайды.
Жанары жалын атпай жаутаңдайды,
Домбыра тулау тұрсын, шайқалмайды.
Ағынды саусағының сиқыры жоқ,
Төгілтіп тең жорғадай тайпалмайды.
Дауысын бір жарықшақ ілгектейді,
Жабығып, жаны неге дірдектейді?
Қаумалап тугел жайсаң отырса да,
Ол неге алаңдайды, кім жетпейді?
Шабыты тұлпар емес, шабан аттай,
Саусағы саусақ емес, сабалақтай.
Тершімей, отыр əрең тепеңдетіп,
Көмейін домбыраның сабалатпай.
Бір нəзік бал əуенді былқылдатпай,
Екі ішек егізденіп бір тіл қатпай,
Тұлпардың қос өкпесі секілденіп,
Алқымы іспек тұрсын, бүлкіл қақпай;
Екі ішек бос өзеуреп, шын тіл қатпай,
Сайратып көмекейін сұңқылдатпай,
Пернені шұқылайды тоқылдақтай,
Сұқсырдай сумаң кағып сымпылдатпай.
Арқасы аруақтанып бір тіл қатпай,
Ерінін тыңдаушының сылпылдатпай,
Жай ғана аяңдайды шаршағандай,
Қызығып, құмарымен қутыңдатпай.
Тұлпар тіл шаңын ғана бұрқылдатпай,
Жүйкені сезім кернеп зырқыл қақпай,
Жыр жолын кесек-кесек, шумақ-шумақ,
Құлынның мүшесіндей бұлтыңдатпай;
Əн шіркін мас қылатын тылсым бақтай,
Жыр шіркін ширатылған гүл шумақтай,
Нөсерлеп ноян жырды жаумақ тұрсын,
Қалды ғой домбыра да ырсыл қақпай.
Шабытын қайнау тұрсын, шымшымдатпай,
Жанының бұлбұлдары шын тіл қатпай,
Ат шабыс, балуан күрес бұл тойдағы
Көзіне көрінбейді бір тырнақтай.
Палуан бірін-бірі жыққан шығар,
Тұлпардан тұлпар озып шыққан шығар.
Үзіліп біреуінің жіліншігі,
Əлдісі əлсіз бірін ұтқан шығар.
Шын тұлпар тұлпарлығын білген шығар,
Бəйгесін, уа жануар, ілген шығар.
Жығылып палуаны, аты қалған
Қорсынып Батыраштай жүрген шығар…
Толқында артық ескен бір ескегі,
Мəз шығар жығып шыққан күрестегі.
Уа, шіркін, қандай қатал бір жан үшін
Беріш пен нəзіктіктің тірескені?!
Ақ жүрек, қара жүрек бір ме, сірə,
Екеуі бір Есілде жүр ме, сірə.
Ақ жүрек жеңілсе де аққу-сынды,
Қарасы жеңсе-дағы түрме, сірə.
Осылай сүңгиді ойы сан тарапқа,
Жалыны жүрегінің қалқа жақта.
Бұл неге осыншама алаңдайды,
Кесетін сол үмітін балта жоқ па?
… Əлдене ыстық үнді тыңдағандай,
Онсыз той тырнағына тұрмағандай.
Дəл қазір Кəкимасы жетіп келсе,
Жыл бойы, апта тұрсын, жырлағандай.
Айтпақшы, ақын досы Жабай қайда?
Ол бүгін алмады ғой маңайлай да.
Жүйріктей бабын тауып жеке шапқан,
Үзіліп кететіндей көп айғайда.
Кешегі жүрген шəкірт – сүйеу-сынды,
Ол неге сəлем бермей күйеусінді?
Айырылған арыстаннан Кəкимасы
Отыр ма барыс тұтып сілеусінді?
Гүлі жоқ жұпар шашар, өрті болса,
Əні жоқ, сүюдің тек дерті болса,
Бұл қалай əн арнамас Кəкимаға,
Бір кезде шын ықлас серті болса?!
Осылай ақын жаны алабұртып,
Сияқты өскен емен дара бір түп,
Бірде құс, бірде түс боп шабыт шіркін,
Қанаты қалт еткеннен қалады үркіп…


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері