Аққулар

Бұл бетте «Аққулар» атты Еркеш Ибраһим жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

…Əйтеуір, шын тұлпардай қамшы салмай,
Жөнелді бір мезетте əнші самғай
Бейне бір көктегендей дүр сілкініп
Кешегі шөлдеген қыр тамшы тамбай.
Əуелі аяңдата желдірткендей,
Сонан соң қанатына жел біткендей.
Дулы жұрт тына қалды демін жұтып,
Бейне бір Есіл тасып, сел күткендей.
Ғажайып болатындай ел күткендей,
Пай-пайлап тамсантқандай, телмірткендей.
Ғаламның барлық үнін тылсымдап ап,
Ыбырай дегеніне көндірткендей.
Сияқты көзі бір өрт, сөзі жақұт,
Болды енді тыңдағанға өзі бақыт.
Ғаламның он сегіз мың барлық үнін
Екі ішек, он саусаққа божылатып…
Бір перне Қəкимадай сыңсып тұрды,
Бір перне Жабай болып тұншықтырды.
Бір перне кең дала боп күңіренді,
Көздерден талай маржан ыршып тұрды.
Бар шабыт Ыбырайға құлай қонып,
Қуғанын құтқармайтын құмай болып,
Жер-көктің, құс пен аңның барлық үнін
Ұғынған тұрды бейне Құдай болып.
Білетін барлық тілді Тəңір болып,
Билейтін барлық үнді əмір болып,
Мынау той, палуан күрес, ат жарыстар,
Иленген саз балшықтай қамыр болып.
Мынау той көз алдынан бұлдыр қағып,
Əлде бір мөлдір үндер тұнжыр кағып.
Тек қана Кəкиманың сырғалары
Қос ішекте талмаусырай сылдыр қағып;
Қос ішек қалғанында бір ышқынып,
Мынау той бара жатты ұмытылып.
Ыбырай шырқап биік ұшқан сайын,
Бұлбұлдың бара жатты үні тынып.
Естілмей тұлпарлардың дүбірі де,
Естілмей ғашықтардың күбірі де,
Естілмей палуандардың сақылдасқан
Айқасы, буындардың дірілі де;
Көмейі ұста басқан көріктей боп,
Ақ жүзі бал-бұл жанған өріктей боп,
Үкілі домбырасы бұлғақтайды,
Секірген алты қырды еліктей боп.
Біржаннан əн бастаса, жойқын бардай,
Ақаннан əн бастаса, Ай тыңдардай.
Мəңгілік өлмей-тұғын əн маржанын
Сыйлайды əр адамға бой тұмардай.
Біресе көшкен елдей дүбірлетіп,
Біресе шын ғашықтай күбірлетіп,
Əйтеуір, бар ғаламды сыбырлатып,
Əйтеуір, қыз ерінін дірілдетіп;
Айта ма құпиясын жұлдыздардың?.
Айта ма құпиясын ұл-қыздардың?
Айта ма нəзіктігін жүректердің?
Айта ма қаталдығын бір құздардың?
Айта ма ақ бұлақтың сықылығын?
Айта ма бал көмейдің ықылығын?
Айта ма осы тойдың иесі кім?
Айта ма армандағы «үкілі» кім?
Əйтеуір, домбырада əуен басқа,
Əйтеуір, Тəңірі жоқ одан басқа.
Əмір жоқ өлген қайта тірілмеске,
Əмір жоқ ұйықтаған жан оянбасқа.
Шын қайрат шын шабыста қызып алған,
Қайғыға, қуанышқа жүзіп алған.
Күресте жасықтығы майырылып,
Алмастың қылшылдаған жүзі қалған.
Самғауы барған сайын қиындалып,
Өзіне қарап қалған дүйім халық.
Екі ішек сұңқыл қағып, діріл қағып,
Пернелер саусақ тиген күйіп-жанып;
Тағы да кетті бастап өз əндерін,
Кеудесін күркіреткен өзендерін.
Шалқытып шығандатып, қайырмалап,
Сезімнің жарқылдатып кезеңдерін.
Мынау той гуілдеген түсі құсап,
Басатын бар кеселдің мысы құсап,
Шертісі саусағының сақылдаған,
Бейне бір арыстанның тісі құсап.
Сонан соң енді жүйткіп екіленбей,
Қармақты бір ақ шабақ шекігендей,
Екі ішек қос өзендей күркіреген,
Бейне бір күле қалған екі көлдей,
Теңіздей дауылдан соң тына қалған,
Сұңқылдап сағақтан бір бұлақ арман,
«Терең қаз – алтын қазсаң» дегендейін,
Саусақтар сол пернені қынап алған.
Сағақтан нəзік сəуле сызаттанып,
Түскендей шер көңілге ұзап барып,
Шынашақ сол пернеде дірілдейді,
Сандығын отырғандай қыз ақтарып.
Немесе ай сызғандай айдын үстін,
Немесе ақ қарындай жайлы қыстың.
Атылған қапылыста аққудай боп,
Соғады қос өкпесін ойлы мүскін.
Желденіп, гуіл қағып өкімденіп,
Алқымы қара көрік секілденіп,
Шайқалып шалқар үндер шамырқанып,
Нөсерден нажағайдың отын еміп,
Қалың өрт сияқтанып қауға тиген,
Қас батыр сияқтанып жауға тиген,
Үзіліп мыңнан озған тұлпар құсап,
Немесе Құлагердей сауға тиген.
Дауылдай қара бұлтты талап, түтіп,
Саусақтан бір нөсерді сағақ күтіп,
Пернелер сол толқыңда сілкінісіп,
Əншіге сусылдаған қанат бітіп;
Үкілі домбыраға лағыл бітіп,
Қос ішек қос өзендей ағын күтіп,
Құланның қасынуына атуы сай,
Мергендей жарқылдаған бағын күтіп,
От кезі шаңырақтан жұлдыз аулап,
Кеткендей əр жұлдызға бір күз аунап.
Саусағы сипалайды пернелерді
Шыққандай сол пернеден бір қыз аулақ.
Сол ару Кəкиманың өзі құсап,
Əр ырғақ күлімдеген көзі құсап,
Назданып, нəзік қағып кірпіктерін,
Қараған жаудыр қара көзі құсап;
Сол мезет келден аққу сымпыл қағып,
Гəккулеп, талып ұшып, сұңқыл қағып,
Ыбырай созғанында тосын əнді,
Дауысы кетті мүлде сиқырланып.
Əн бейне ақша таңдай талып атқан,
Бұлақтай қара тасты жарып аққан,
Əудемде жаңа шыққан күнге ұқсап,
Немесе раушан гүлдей жалын атқан.
Ыбырай желденгенде көрік құсап,
Үзілер сабағынан өрік құсап,
Əуелі қашқан қоян сыбдырынан
Үріккен жаудыр көзді елік құсап.
Ғажайып тосын үнге елең етіп,
Құс-арман көбелектей көлең етіп,
Тасыған дариядай астан-кестен,
Сезімді ыстық, отты керек етіп;
Ұшты бір, ұшты бір əн «Гəккулеген»,
Үн қосып айдындағы аққуменен.
Кəкима сол аққу боп бара жатыр,
Гəккулеп құйқылжыған отты үнменен.
Тосын əн толқындырып, қобалжытып,
Бейне бір сүмбіледей амал күтіп,
Жанары нажағайдай жарқыл қағып,
Махаббат бақшасынан самал жұтып,
Сезісіп түсінгенін қас пен қабақ,
Болатты балқытқандай отпен жалап,
Қос мұңлық сырласады Гəккуменен,
Жалынын махаббаттың жаспен қамап.
Көз жасы махаббаттың теңіз болып,
Гəкку бір ортақ, құмар лебіз болып,
Бір-бірін қанатымен аймаласып,
Махаббат дариясына егіз қонып…
Махаббат ынтық етіп қойған асық,
Иісіп мойындарын аймаласып,
Айдынның меруерттей мөлдірінде
Елтіткіш, еркелегіш майдан ашып,
Жанасып, жан үздіге жаутаңдасып,
Гу-гулеп, га-га-гулеп əн толғасып.
Шомылған айдын көлде егіз аққу
Иіскеп тамақтарын, мауқын басып.
Дауысы терең, тұнық аспан сынды,
Бір жасын сол биіктен аққан сынды.
Қолынан Кəкимасын ұзатса да,
Ұзатпас бір қақпаны жатқан сынды.
Қажыры – қалшылдаған ақпан сынды,
Жанары – шын асылды тапқан сынды.
Ақпанның өзінде де бұрқыраған
Көктемнің жұпар гүлін тапқан сынды.
Дауысы барған сайын қанаттанып,
Жеткендей қия құзға қанат талып.
«Гəккулеп», гə-гə-гуге басқан сайын,
Жанары жанаттанып, жаны оттанып.
Туды ақын жарқылдаған тосын бір əн,
Өкініш өзек өртеп, ашындырған.
Тілегін жалындаған махаббаттың
Аққудың ақ мойнына асылдырған.
Өзі де аққу құстай сұңқыл қағып,
Айдын көл ырғақтардан ыңқыл қағып,
Тебінген толқындардың белі сынып,
Қабағы қара бұлттың қуқылданып;
Сияқты бар сезімге қанат біткен,
«Гəккулеп» сұңқылдады алап біткен.
Ыбырай аққу болып өкінгенде,
Таңдайын қақты бүкіл тағат біткен.
Махаббат мойнын төмен созып ұшып,
Өлмесін енді емірде сезіп ұшып.
Қияндап бара жатты ту қиырға,
Күнəкар сұм заманнан безіп ұшып.
Аққу боп ұшты бір əн жанып-күйіп,
Қанатын барған сайын қағып биік.
«Гəккулеп» талықсыды қайран аққу,
Жалынын махаббаттың жағып биік.
Жасырмай жан сырының бəрін айтты
Жаралы аққу құстай зарын айтты.
Деді ол: «Қайран елім, жаралымын!..
Жүйкені қара, тастай жарып айтты.
«Құс салып, айдын көлге дабыл қақтым,
Əн салып, талай жердің дəмін таттым
Жетсін деп осынау даусым «Гəккуіме»
«Гəккуді» қоңыр қаздай қаңқылдаттым.
Таранған айдын көлде ол бір аққу,
Мұндай сөз естіп пе едім бек лəзлəзту.
Сырнай мен домбыраның арасында
Балқыған қорғасындай, қайран «Гəкку».


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері