Бүркіттің көлеңкесі
Бұл бетте «Бүркіттің көлеңкесі» атты Жұбан Молдағалиев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
(екінші өлең)
Бүркітші атай қартайды,
Мұң болды міну атына.
Меңдетті сырқат, хал тайды.
Батады ойға жатып ап.
Шарламақ түгіл жайлауды,
Бүркітін жемдер жоқ әлі.
Ақиық болса, байлаулы,
Қанатын жерге соғады.
Саңқылдап, қартты шақырып,
Қанталап отты көздері,
Осы бір дегдар мақұлық,
Аңсайды қиқу кездерді...
Қожасы жиып қайратын,
Босатты келіп бүркітті.
«Кеттік пе, қане, қайда атың?»
Дегендей бүркіт тұр күтіп.
Қария көзі бұлдырап,
Қыранға ұзақ қарады.
«Құс едің, – деді – тұлдырдай,
Балапан топшың жаралы.
Бұл күнде сенің дер шағың,
Бөріге салып түлеттім.
Мен болсам, біттім, шаршадым,
Таянды таңсыз түнек түн.
Сыйлаймын саған бостандық,
Дүниеде одан тәтті жоқ.
Тіршілік қайта басталды.
Басталсын саған сәтті боп...»
Бір сипап қария қыранды,
Қош айтып қолдан ұшырды.
Қансонарларда ұрандап,
Қанып-ақ еді-ау құшыры!..
Аспандап барып Ақиық
Алысты шолды абайлап.
Кең дала жатыр далиып,
Алуан түрлі ала аймақ.
Әріде – асқақ құз қорған,
Тапқандай таулар боталап.
Дөңбекшіп жатып мұз болған
Толқындай бұж-бұж жоталар.
Аңсаған бүркіт әуені,
Әудемде мауқы басылмай,
Ойнады көкте әуелі,
Жарқылдап қара жасындай.
Терісі, тәні тыныстап,
Төсеніп темір топшысын,
Қалғуға дерсің тырысты,
Ұмытып досын, жоқшысын.
Тояттан көңіл, тынғасын,
Қалықтап, кері төмендеп,
Іздеді қарттың тұлғасын,
Іздерді көзі көгендеп.
Қарады қайта заулап та,
Анау не, сірә тұр кісі...
Жылт берді кенет аулақта
Қияңның құмай түлкісі.
Топшысын тас қып түйіп ап,
Ақиық барып бұрқ етті.
Бұлтару бұдан қиын-ақ,
Болса да небір түлкі епті.
Отырды бүркіт қонжиып,
Қан сорып болат тырнағы
«Келмеді қара тон жуық,
Кешікті дейді бұл нағып».
Көп күтті, күнді батырды.
Қария бәрін біледі.
Азапқа түсіп жатыр ол.
Тілегі, тілі бір еді.
Үн шықты міне көлденең,
Даусындай достың саңқылдап.
Қапырық, бітеу бөлмеге
Кіргендей самал аңқылдап.
Үй іші шулап таң қалды,
«Ақиық!» десіп абыржып.
«Таңдану бұған – аңғалдық –
Деді қарт, – сабыр, сабыр жұрт.
Келген жоқ ол тек қонаға.
Туғалы оның енеден
Білгені тұсау, томаға.
Бостандық оған немене?..
Ұш десем, ұшты қайда да.
Түс десем, түсті неге де.
Же десем, жеді байлауда,
Санасын әмір шегелеп.
Тәкаппар бірақ қанды көз.
Тебінсе, темір үзеді.
Талайлар одан танды тез,
Талайлар бүкті тізені.
Ойлап ем, берсем бостандық,
Тегіне тартып кетер деп.
Бұл ойым сірә астамдық,
Өзге өмір оған бекерлік.
Көлеңкем екен ол менің,
Мен екем оған дос даңғырт.
Жақсы еді ерте өлгенім,
Кеш келген құсқа бостандық.
Оңай ма бірден арылу,
Сүйекке сіңген әдеттен.
Қолыңда жоқтың зары да у,
Дүниені кемдік тар еткен...»
Аптадан кейін бүркітші
Етіпті ауылын қаралы –
Ақиық оны жүр күтіп
Деген де аңыз бар әлі.
Қонақтайды екен, түн болса,
Қария жатқан бұйратты.
Түседі екен, күн болса,
Көлеңкесі көктен зиратқа...
Бостандық десе, бір кілттей,
Келеді менің есіме
Бүркітші менен бүркіт те,
Бүркіттің көлеңкесі де.
09.09.1988 жыл,
"Қазақ әдебиеті" газеті, No37
- Абдраманов Арсланбек
- Абдраманов Арсланбек
- Абдраманов Арсланбек
- Абдраманов Арсланбек
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі