Ғажапсың, Қазақстаным!

Бұл бетте «Ғажапсың, Қазақстаным!» атты Жұбан Молдағалиев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Бейтаныс маған тұл заман,
Білмеймін өткен ғасырды.
Онда мен, елім, тумағам,
Көргем жоқ төккен жасыңды.

Сені мен сол бір кезде де
Сүйер ем қайран шешем деп.
Шешеден бала безді ме,
Шерменде, жарлы екем деп.

Ес білген өзім шағымда ал,
Шаруа жайың шағындау,
Мың шүкір, ондай емес те ең.
Шырқауы кейін белесте ең.

Ұрығын сеуіп жас баудың,
Гүл сеуіп жаттың арадай.
Ұл мүлкін, қыздың жасауын
Тырнақтап жиған анадай.

Ал бүгін көркің мүлде өзге,
Ғажапсың, Қазақстаным!
Кім айтар сені бір кезде
Көрді деп өмір қыспағын.

Еңбекке десе – ұстасың,
Егеске түссең – батырсың.
Жеміс пен жеңіс ұштасып,
Аршындап келе жатырсың.

Қаншама тастар үгіліп,
Астына кетті қаланың!
Қаншама өзен жүгіріп,
Қандырды шөлін даланың!

Жалаңаш біткен жерімде,
Жайқалған ну, бақ тамаша.
Тапталған сан жыл тебін де
Келеді гүлдеп жаңаша.

Сүңгиді ойың тереңге,
Шахтаға түсіп, кен қазып.
Самғайды аспан дегенде,
Жұлдыз да – оған кең жазық.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері