Жылдардан жеткен жаңғырық
Бұл бетте «Жылдардан жеткен жаңғырық» атты Ақылбек Шаяхмет жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Арғын биі Шеген Мусин сұлтан Ахмет Жантөринге 1845 жылы хат жазған: «Сіз маған алтын алқа бердіңіз. Мойныма таққан соң мен қызға, әйелге айналдым, ал барқыт ша¬пан киіп жас жігітке айналдым… Алтын, күміс ақша алдым. Менің жерімде дала сұлтаны Ахмет бекініс салып маған орыстан әскер берді. Не істеуім керек? Мен Ахметке ризамын. Тек қана басымызға шаш киіп, аузымызды мұртпен жабу ғана қалды. Оны да істейміз әлі! Біздің дініміз бір және тіліміз де бір. Сіз осындай іс жасауға жол бердіңіз. Мен дәрменсізбін. Сіздің патшадан рақым сұраймын деген уәдеңізге сеніп қалған едік, бірақ мынадай күтпеген оқиға болды және неден болғанын білмеймін. Менің ойымша, сен сұлтандықтың тағынан, ал мен би лауазымынан бас тартуымыз керек. Мынадай мақал бар: «Құс қанатымен ұшып, құйрығымен қонады». Біз кеңесіп іс қыла алмадық, сондықтан мен өзімді лауазымды би, сені сұлтан деп ойламаймын. Мен: «Ахмет ақылда-сатын болар, ойымызды ортаға салармыз деп ойлағанмын, бірақ бұлай болмады, сондықтан мен өзіммен өзім ақыл-дастым. Неліктен бұлай, білмеймін…»
(Ермұқан Бекмаханов. «Қазақ¬стан ХІХ ғасырдың 20-40-шы жылдарында». Алматы, «Санат», 1994 ж.)
Жағдайсыз келіп қырық бес,
Тағы да болды еңбек еш.
Күрмеулі жіпті жолдадым,
Түйінің, сұлтан, өзің шеш.
Араны толмай кезбенің.
Адалдан таптық өзге мін.
Араммен жиған күмісі,
Қадірлі болды-ау өзгенің.
Жайына қалып ел қамы,
Алтыннан тақтық алқаны.
Әйел боп алқа салған соң,
Орындау қалды қолқаны.
Жігіт те болып шалқытқан,
Жамылдық шапан барқыттан,
Ұятты қойып, дәм таттық,
Орыстан қалған сарқыттан.
Қадірді қайтіп білер тең?!
Шаш қойып, бәлкім, күнелтем.
Жүргенде мұртқа өкпелеп,
Сақал да шығар күні ертең.
Тісімен жемін тістеген,
Құйрықпен қонар құс деген.
Кетпес-ау естен өлгенше
Қылығың сенің істеген.
Тарылып өріс далада,
Әзәзіл кірді араға.
Бимін деп мен де айта алман,
Сұлтаннан сен де садаға!
Жеріме тұрған бақ кіріп,
Қалаға қазық қақтырып,
Мойынға салып шынжырды,
Кәпірге қойдың бақтырып.
Ішіңді көрмей шіріген,
Ханнан да сырттап жүріп ем.
Жан-жақты шолып байқасам,
Өзімнен өзім түңілем.
Болсам да қанша төзімді,
Бауырым бүгін езілді.
Жақсының көзі жұмулы,
Кім ашар сенің көзіңді?
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі