Құдайназар Жанболов
Бұл бетте «Құдайназар Жанболов» атты Дәркен Танабаев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Поэма
1921 жылы қазіргі Төлеби ауданы Қазығұрт тауының етегінде Ғайып Ерен Қырық Шілтен бұлағының басында дүниеге келген. Екі жасында әкеден, тоғыз жасында анадан айырылған. 1941 жылы 10-сыныпты бітіріп, маусым айында соғысқа аттанады. 1941 жылы 6 желтоқсан күні Москва түбіндегі сұрапыл шайқаста небәрі 20 жасында ерлікпен қаза табады. Артында 12 қалың дәптерге жазылған шығармалары қалған. Осы күнге жеткен 5 дәптерінен 1996 ж Жамбыл облысы әкімі Амалбек Тшанов ағамыздың қолдауымен «Кім өмірді мендей сүйсе...» атты өлеңдер топтамасы жарық көрді.
Автор:
- Қазығұрттың жайғасқан бауырына,
Аңсап келген ақыным ауылына.
Қолындағы баяны күңіренген,
Мұңды әуеннің ырғалып дауылына.
Мұңаяды, жылайды, күрсінеді,
Шымырлаған жүрегі түршігеді.
Жырлағанда сағыныш сезімімен,
Көзден жасы еріксіз ыршып еді.
Жалындаған ақынның өлеңдерін,
Ғазал етіп халқыма берер ме едім.
Дәл өзіндей әрине жырлай алман,
Нақ айта алман биік пен терең жерін.
Ақын:
-Қалдырғам ауылымды он жыл бұрын,
Малға қайтарып жүргенмін жырым-жырым.
Сәби едім жоғалтқан шаттығымды,
Қоңыр көзді, ақ құба, қырлы мұрын.
Сүйенішім анамнан айырылып,
Қалған кезім қанатым қайырылып.
Ағайынның паналап шаңырағын,
Жақсылығын қайтардым қайыр қылып.
31-дің салқындау күзі еді,
Жапырақтар еріксіз үзіледі.
Берекесі қашса да Қазығұрттың,
Өз ауылым өзіме қызық еді.
Өтті-ау, сонда білемін заман өктем,
Бауырларым тәжікке ауып кеткен.
«Өкіметке малыңды бермедің» деп,
«Халық жауы» дегендер жауып кеткен.
-Абақтыға сорлатып жабамын деп,
Арашалап басымды аламын деп.
Белсенділер белсене кіріскен соң,
Жерге кіріп кетсең де табамын деп.
Бір-ақ түнде көп үйлер көшіп кеткен,
Олар жайлы немене есітпеп пе ең.
Колхоз болып қалғанның тең жарымы,
Келер жылы аштықтан өліп кеткен.
Анашымның жылына әпкем келген,
Ағайынның ішінен мені көрген.
Бауыр еті елжіреп жылады да,
Алып кетті сол күні мені елден.
Содан бері ел десе елеңдедім,
«Аман болсам әйтеуір келем»дедім,
Он жылдықты бітірген жайымда бар,
Газетке де шығып жүр өлеңдерім.
Автор:
Басып-басып баянның пернелерін,
Әнге қосты жас ақын өрме өлеңін.
Ырғатылып қояды көк теректей,
Қабылдаған даланың ерме желін.
ҚАЗЫҒҰРТТЫ САҒЫНУ
Ақын:
-О, биік тау, неге мені шектейсің,
Тау самалы неге мені өппейсің?
Қарасора қанша сұлу болсаң да,
Қазығұртқа бәрібір сен жетпейсің.
Ұлың елдің айналды ұланына,
Көз қырыңды салғайсың құланыңа.
Сеземісің анашым пейішіңде,
Келіп тұрмын су алған бұлағыңа.
Беріліп ғажап қиял елесіне.
Шығамын зеңгір көктің белесіне.
Кең әлемді армансыз кезуші едім,
Мініп ап Қазығұрттың кемесіне.
Қанша уақыт өтсе де арамызда,
Кеше ғана өткендей балаңызға.
Құдірет боп орнадың жүрегіме,
Қасиет боп еніпсің санамызға.
Өзіңде әлі өтер деп құла таңым,
Жаралы жанымды мен жұбатамын.
Аналық мейіріміңмен дем беретін,
Жайдарлы келбетіңді ұнатамын.
Автор:
-Мұңға ауысты ырғағы сағыныштың,
Ащы әуенін сезімнің қанып іштім.
Әр кеудеден бір шерді қозғағандай,
Жанарлардан мөлтілдер сағым ұшқын.
ЖЕТІМДІК
Ақын:
-Көрсең тиме мен сияқты жетімді,
Жел сипаған, күн қақтаған бетімді..
Шындығыма намыстанып бәтшағар,
Кейбір жаман неге орынсыз жекірді?
Кім қорғайды жетім менен жесірді,
Кейбіреудің сөзі өктем кесірлі.
Анам байқұс күйреп кетті қайғыдан,
Жетімдіктің сор қамшысы өсірді.
Кім ұғады жанардағы жасымды,
Қайдан табам анашымдай асылды.
Бір оңбаған итіне де талатқан,
«Тас жетім»-деп көзіме шұқып басынды.
Жетім бала пана таппай сенерге,
Ащы зарын ішке түйіп келем де.
Жүректегі алаулаған отыммен,
Қасіретім айналыпты-ау, өлеңге.
Автор:
-Жанарларға жас сыйлап жылатпайын,
Кел баяным ойнақта шуақтайын.
Қос иығын ырғақпен жұлқып-жұлқып,
Қайғы мұңсыз ойнаған құрақтайын.
Ақын:
АЙҒАН ҚҰРБЫМА
Жәудіреген жанарыңнан,
Бақытымды көремін.
Қаламым мен дәптерімді,
Қалың малға беремін.
Сөзің жүйрік, ойың ұшқыр,
Ары таза, зерегім.
Жаны жайсаң Айған құрбым,
Аңсап жүрген керегім.
Кәмілетке толмаған соң,
Сөз айтуға қысылам.
Атестатты алған күні,
Жүрегімді ұсынам.
Көзі ашық көкірегіңнің,
Асыл кенін қазып көр.
Дәптеріме өшпестей сыр,
Бір естелік жазып бер.
Жалындаған жанарыңмен,
Бәрімізге ұнайсың.
Ғашық болған жүрегімді,
Енді қалай сынайсың.
Автор:
-Тағдыр неге сәби деп қарамаған,
Ақ жүрегін тілгілеп жаралаған.
Аңқылдаған бала ғой ақын деген,
Таразы уақыт екшелеп саралаған.
Еске түсті «Асыра сілтеу» балалығы,
Аласапыран үрейлі дала мұңы.
Уақыт емші дейміз-ау деген менен,
Жүрегіңде мәңгілік қалар үні.
АТЫМ МЕНІҢ ҚҰДАЙНАЗАР
Ақын:
-Анам жылап өтерінде,
Күйіп-пісіп болған азар.
«Құдайқұлы несі олардың ?
Балам аты-Құдайназар»
Мен де апа, мәз қылмадым,
Сенің арқаң кең өстім ғой.
Құдай құлы болсам болдым,
Адам құлы емеспін ғой.
Сен айығып кетсең екен,
Қуанышқа толар едім.
Өзің талай арман еткен,
Мықты азамат болар едім.
Әлсіз қолы анашымның,
Ақырғы рет мені құшқан.
Еркеліктің тәтті дәмі,
Көз алдымнан бұлбұл ұшқан.
Қалдырды да кете барды,
Бұл өмірдің базарына.
Құдайдың бір құлы едім,
Ілінермін назарына.
ҚАРА ҚАЙҒЫ
Ақын:
-Басына төнді елдің қара қайғы,
Сұм фашист Отанымды қамалайды.
Қанды балақ ойранын салып жатыр,
Қанішер қара жауыз аямайды.
Жігіттер жауға енді аттанамыз,
Намыс пен жігер күшін ап барамыз.
Азулы алты басты айдаһардың.
Тырнағынан Отанды ап қаламыз.
Автор:
-Осы бір шумақтардың арасында,
Ауылдың ақ сақалы, баласы да.
Ақ шашты аналар мен жеңгелердің,
Жас толды көздерінің шарасына.
Жайдақ тау Қазығұрттың саласында,
Өзіндей боздақтардың арасында.
Майданға бүгін олар аттанады,
Ауылда жан біткеннің бәрі осында.
-Орамал берсем аға аласың ба?
-Жылама қалқатайым баласың ба?
-Сізге деген тілегім бәрі осында.
-Хат жазсам, сен де үзбей саласың ба?
Қош бол деп қимай жатыр боздақтарын,
Баян да тоқтар емес қозғап бәрін.
Ақыным жұртпен бірге жылап тұрып,
Өлеңін жалғастырды назды сарын.
Ақын:
-Жыламаңдар қарттарым, аналарым,
Әлі-ақ қайта оралар қырандарың.
Кегін алар мерт кеткен боздақтардың,
Ел қорғаны азамат ұландарың.
2
Автор:
-Қазығұрттың қалдырып атырабын,
Бар маңайды өзіне батырар мұң.
Азаматтар майданға аттануда,
Тұмар қылып туған жер топырағын.
Ақынымда солардың арасында,
От жүрегі дауылға қарасын ба.
Міне орыс орманы қандай сұлу,
Алдыңғы шеп, майданның даласында.
41-дің 6-шы желтоқсаны,
Таң бозара баяулап жел тоқтады.
Қалың қарға иіліп қарағайлар,
Не болар деп тұрғандай селсоқ бәрі.
3
Автор:
-Жай ғана ыңылдап, әуені ән болып,
Сол әуен орманға енгендей сән болып.
Окоптың түбінде қазақтың жігіті,
Отырған жас ақын Құдайназар Жанболов.
Қалқыған әуенді жұтам деп от шашып,
«Жолбарыс»* танкілер келеді топтасып.
Жігіттер, әзірлен айдаһар ашулы,
Абайсыз біреуің қалмағын шоқ басып.
Зеңбіректі оқтаңдар нысана белгілі,
Туралап көздеңдер өтпесін ендігі.
Атыңдар дегенде, танканы от құшып,
Шынжырлы табанның үзілді белдігі.
Көтерме басыңды аптық па тек қызып,
Тастаңдар гранат багына өткізіп.
Құдайқұл, соңғысын мен саған тапсырдым,
Ажалдың ақ отын жібергін жеткізіп.
Жау қайда, дос қайда, ақ түтін айнала,
«Жолбарыс» жарылып тоқтады жай ғана.
Ақыным жұлқылап өзінің денесін,
Қарап бір тұрғандай кәдімгі айнаға.
Ақынның рухы:
-Қазір-ақ қайтадан өзіме енемін,
Денемді икемдеп жан бітіп келемін.
Қолым да, аяғым, басым да орнында,
Азырақ жыртығы бар екен денемнің.
Автор:
-Тұрған кезде осылай асып-сасып,
Мыжып өтті денесін танкі басып.
Жаны болса шырылдап қала берді,
Ала алмады денесін жерден аршып.
Ол енді бейтарап кәдімгі аруақ,
Жауын да атпайды қолына қару ап.
Құдайқұл, қайдасың? не болды өзіңе?
Орыстың жігіті іздеп жүр бауырлап.
Ақынның рухы:
-Қош боп тұр,достарым,бауырлар басқа да,
Орыстың орманы, Москва астана.
Соғыстың өзі алып денемді жерледі,
Жатамын осында қара жер жастана.
4
Автор:
-Ақ жаны ақынның кезіп жүр маңайды,
Қызықтап ақ таңға таңырқап қарайды.
Самалмен есіліп, желменен желпініп,
Оянған үйлердің есігін жанайды.
Әрине бөлек қой бәрінен бауырың,
Аяулы әпкешің тең келмес аруың.
Көмегі тимеді тек соған кейіді,
Қарашы өзінің аяғы ауырын.
Бұл да бір жоғары Алланың ісі ме,
Бұрылмай осында ешқандай кісіге.
Інісі қолына алтыннан сағат сап,
Тапсырдым дегені еніпті түсіне.
Келді ме тағы да қыса ма толғағы,
Аман-сау босанса әйтеуір болғаны.
Шыр еткен сәбидің үніне алаңдап,
Енгенде байқады ұл бала қолдағы.
Ақынның рухы:
-Аяулы әпкешім, асылым жарадың,
Жиенге тамсанып келіп тұр қарағым.
Тірліктің мазасын келтіріп тұрғаны,
Көзін де ашпаған қарай көр ажарын.
Асқар тау, кең дала сүйінші сұраймын,
Бақытқа бөлендім шаттықтан жылаймын.
Сәуірдің осынау шуақты күнінде,
Нұрыңа мас болып, гүліңе құлаймын.
Өзім де осыны күттім ғой асығып,
Ауылға барайын байсалды басылып.
Анам мен әкемнің моласын көрейін,
Бір белгі қояйын жатса да шашылып.
Қазығұрт көктемі не деген көркем ед,
Жап-жасыл белдерге гүл толған керемет.
Тек қара жамылып аулада қос жеңгем,
Күземнен талдырып басуда текемет.
Жатыр-ау молада аяулы жас анам,
Әкем де осында, қасында қос ағам.
Жесірдің көз жасын сүрте алмай барамын,
Жетімдей көңілім еріксіз босаған.
Үлкеннен әулетте ешкім де қалмаған,
Сұм соғыс айдаһар құрбан қып жалмаған,
Қос інім қалыпты қыздар да бар екен,
Мың шүкір құдайға оларды алмаған.
Автор:
-Ақынның ақ жаны тұрмады ойланып,
Қалғандай қабірге еріксіз байланып.
«Анашым гүлдерді жанындай сүюші ед»,
-Деді де шоқ гүлге кетті тез айланып.
5
Автор:
-Қырдағы гүлдерді жұлмаңдар,
Киелі жер анық бұл маңдар.
Оларда ағалар жаны бар,
Жат жерде қап кеткен құрбандар.
Көктемде алаулап көк төсін,
Қызғалдақ жыл сайын көктесін.
Ақ жауын аямай себелеп,
Жыласын баса алмай өкпесін.
Гүлдерге нәп-нәзік жағалай,
Күн төксін сәулесін аямай.
Сипасын самал жел жай ғана,
Бесігін тербеген анадай.
-
- Азамат Төре
- Азамат Төре
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі