Өткен кұндер елесі

Бұл бетте «Өткен кұндер елесі» атты Дәркен Танабаев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Әкем Өміртай Танабайұлының рухына
Лирикалық поэма

Автор:
-Сан қырлы жолы тағдырдың,
Елесін іздеп әр күннің.
Балалық шағы әкемнің,
Кеудеме еніп жаңғырдың.
Көңілде қалған сызаттай,
Қайтерсің дейді тұзақтай.
Ол кезде уақыт басқа еді,
Деуші еді әкем ұзатпай.
Ғайып Ерен пірім, жебегін,
Қиналған шақта демегін,
Қазығұрт ата, өзің айт,
Тарихтың қозға дерегін.

Қазығұрт ата:
-Тыңдағың келсе жалықпа,
Көңілің түссін қалыпқа.
Жан сырын балам, естігін,
Өткенге құстай шарықта.
Алғандай таулар жүк артып,
Сарғайған дала мұнартып.
Есіме алсам сол кезді,
Көшетін бұлттар мұң артып.
Жапырақ құлар бұтадан,
Өлгендей сорлы құсадан.
Батыста соққан сұрапыл,
Азалы күйге тұсаған.
Қиылған қайтіп қона ма?
Қайғының орны тола ма?
Қаралы хаттың шындығы,
Жоқтауды жазған оларға.
Жүрегі елдің жаралы,
Боздаған ана қаралы.
Емізген заман шерімен,
Бесікте жатқан баланы.
Уақыт қарап тұра ма,
Жаралы жанын ұға ма?
Күрсініп жылдар жылжыды,
Сұрама, айтпан сұрама.
Автор:
-Тасып бір қалған кезімде,
Беремін ерік сезімге.
Қазығұрт ата, сондайда,
Сыр шерте келем өзіңе.
Сұрауға анық батпаймын,
Сұрақтың өзін таппаймын.
Айтыңыз ата, ұғайын,
Ұққанша тыныш жатпаймын.
Қазығұрт ата:
-Оянар ауыл қамменен,
Қырманда, қырда, малменен.
Әйелдер, бала-шаға да,
Таласып тұрар таңменен.
Аналар іске жегілген,
Бидайды орар егілген.
Қаршадай балдар тереді,
Масақты қырда төгілген.
Жылаған үйде сәбилер,
Сәбиді, сәби әлдилер.
Пөстекке шашқан бидайды,
Талқажау қылда қалғи бер.
Автор:
-Ақиқат маған керегім,
Шындықты айтқын дерегін.
Куәсі абыз тарихтың,
Төрелік сізге берерім.
Өзің айт анық дұрысын,
Жалғанды қайтем құрысын.
Өзіңе келіп кететін,
Тірліктің барлық ұлы ісін.
Қазығұрт ата:
-Бірде өкпе, бірде наз артқан,
Тұра ма өмір азаптан.
Әйтеуір тірлік бітпейтін,
Бітірме деймін жаратқан.
Маңдайға жазған тағдыр ма?
Мезгілсіз жаңбыр жаудырма.
Сақтай көр ауыр дертінен,
Анасыз оны қалдырма.
Әлсіреп сырқат анасы,
Тағдырға налып қарашы.
Жұбатып отыр қасында,
Он үшке толған баласы.
Келтірсем сол күн елесін,
Зарыққан ана не десін.
Аймалап құшар сәбиін,
Көзінің жасын төгер шын.
Анасы:
-Тәуірлеу болып келемін,
Әлі де керек көмегің.
Сатарсың бірер тұяқты,
Дәрісін әкел дегенін.
Жолыңды балам байқарсың,
Ауылға сәлем айтарсың.
Қалмасын інің қамығып,
Бөгелмей үйге қайтарсың.
Күлгендей болып қарады,
Алдамақ еді баланы.
Әлсіреп қалған сүлдесі,
Ырқына көнбей барады.
Баласы:
-Сезем ғой апа, жасырма,
Құтыңды бекер қашырма.
Таңертең қойды сатамын,
Шыдашы апа, мақұл ма.
Дегендей шегір көздері,
Ішінен айтқан сөз бе еді.
Анасын құшып мойнынан,
Мақұлдап басын изеді.
Қазығұрт ата:
-Базары біткен күз бе еді?
Бозарған күрең түз бе еді?
Қалаға тартқан аяқ жол,
Қара жол нені іздеді?
Қапырық күйген жаз ба еді?
Берерің қайғы, наз ба еді?
Анаға неге төнесің,
Алғаның сенің аз ба еді?
Маужырап жатқан қыс па еді?
Беймезгіл енген түс пе еді?
Жазылып қойған маңдайға,
Қалтықсыз болар іс пе еді?
Бүр жарған ерте көктем бе?
Бір суық соғып өткен бе?
Мезгілсіз неге келесің,
Баласын ая кектен бе?!
ІІ
Қазығұрт ата:
-Қалаға тартқан қара жол,
Бірде оң болған, бірде сол.
Асығып бала келеді,
Бозарып таң да атқан соң,
Көл бастау әрі Құрысай,
Қарайды таңға қызықтай.
Беріліп бір сәт қиялға,
Кетеді сүңгіп қызықтай.
Табады керек дәрісін,
Киімін жарақ бәрісін.
Балаңыз апа, қолқанат,
Тындырып жатқан бар ісін.
Сырқаты түсіп есіне,
Өндірмек жолды шешіле.
Ширақтау басып келеді,
Беріліп үміт көшіне.
Селк етіп кенет дүбірден,
Жоқ болып қиял үзілген.
Салт атты тосын жолаушы,
Ентіге келген дүбірмен.
Салт атты:
-Ей, бала, қайда барасың,
Үркіген тайдай қарасың.
Кім екен таңмен жіберген,
Осы сен қайсы баласың?
Әжімдеу келген іреңі,
Арықтау екен күреңі.
Дөрекі сөзі болғанмен,
Жып-жылы екен жүрегі.
Көздері күлген шуақты,
Болса да кәрі қуатты.
Кел отыр мінгес атыма,
Тізгінін шірей шал тартты.
Бала:
-Рахмет ата, атыңа,
Санаман сізді жатыма.
Жаяу-ақ жетіп қаламын...
Салт атты:
-Әй, бала, басты қатырма,
Жол ұзақ мінгес атыма.
Қазығұрт ата:
-Сезімтал бала жүрегі,
Көңілін сезіп тұр еді.
Ниетін ішкі айта алмай,
Тыңдамай алға жүреді.
Атты да қалмай соңынан,
Қорқытып тартты қолынан.
Бала да көнбей еркіне,
Қайтпады айтқан жолынан,
Амалы бітіп қалғандай,
Айтатын сөзі жалғанбай.
Бала:
-Өзіме ата, серт бергем,
Көмекке тосын алданбай.
Науқасы ауыр анамның,
Қиналып соған алаңмын,
Тамағын жаяу жеткізсем,
Дертінен сақтап қаламын.
Тәуіптің айтқан амалын,
Үмітіме соңғы санадым.
Сондықтан ата, кешіргін,
Қалмады басқа амалым.
Құдайдан сұрап келемін,
Анама тиме дегенім.
Автор:
-Қалтықсыз тыңдап тұрған шал,
Босатты аттың жүгенін.
Құлазып бала көңілі,
Болмаған мұндай өмірі.
Жыларман болып жүрегі,
Бұзылып кетті реңі.
Қазығұрт ата:
-Жаралы жүрек сезеді,
Амал не тағдыр төзеді.
Тулайды жасап қарсылық,
Шымырлап өмір өзегі.
Жігерлен балам жасыма,
Біз күткен жігіт осы ма.
Күйіңді ешкім көрмесін,
Бермегін ерік жасыңа.
Тербетер дала бесігін,
Самал жел сұрап кешірім,
Сипалап бала айдарын,
Күн күліп ашты есігін.
Бала:
-Дәрігерге бердім дәріңді,
Алсаңшы апа, нәріңді.
Тауықтың ыстық сорпасы,
Шығарсын ащы теріңді.
Анасы:
-Келдің бе? шаршап қарағым,
Әжетке міне жарадың.
Жыламай жүр ме? Төленім,
Ініңе көз боп қарағын.
Айналдым күнім, сөзіңнен,
Кімі бар жақын өзіңнен.
Төсіне басып баласын,
Жас тамды ана көзінен.
Жолыңды балам, байқарсың,
Деміңді алып қайтарсың.
Ініңе бас-көз болып жүр,
Ауылға сәлем айтарсың.
ІІІ
Қазығұрт ата:
-Күн бүгін сонша қапырық,
Тұрғандай жауын шақырып.
Шығардай таудан от шашқан,
Айдаһар сұсты атылып.
Тым-тырыс дем жоқ маңайда,
Бұлт бүркеп тауды орай ма?
Тіршілік тоқтап қалардай,
Үреймен талдар қарай ма?
Үзіле жаздап жапырақ,
Өзінен-өзі қалтырап,
Дәрменсіз сұлық құлады,
Өзегі талып қалжырап.
Мазасыз қандай күн бүгін,
Ұғыпты сырын кім мұның.
Кезегі келген күн шығар,
Күндегі жасап тірлігін.
Баласы:
-Апамды көрдім түсімде,
Байсалды әрі күшінде.
Ақпарша аппақ көйлекпен,
Жүр екен баудың ішінде.
Жүгіріп келдім маңына,
Құшақтап сүйгем сағына.
Ауылға қашан келгенсіз,
Кетпеңіз деймін жалына.
Анасы:
-Кетпеймін тастап шырағым,
Бәйгеге қосқан пырағым.
Күлімдеп келсең қуанып,
Аула да күтіп тұрамын.
Баласы:
-Жүр апа, үйге шай қоям,
Боламын енді мен саяң.
Төленім ұйықтап жатыр ма,
Айтайын оған тез оян.
Анасы:
-Қанатым болған қыраным,
Осында менің тұрағым.
Азамат жігіт болсын деп,
Құдайдан сені сұрадым.
Баласы:
-Жүгіріп кірдім үйге мен,
Інімді сыртқа сүйрегем.
Ербеңдеп ол да қуанған,
Бақытты ғажап күй көрем.
Далаға шықсам түнерген,
Інім де жылап үрейден.
Қараңғы түсіп кетіпті,
Апамды таппай жүгірем.
Анашым деймін айқайлап,
Айтамын қайта, қайталап.
Үрейге толы бақ іші,
Ояндым шошып апалап.
Жаңадан таңда бозарған,
Шырақтай әлсіз сазарған.
Қалаға кеткен дәу апам,
Келген бе қайтып базардан.
Есіктің алды кісілер,
Абырда-сабыр күрсінер,
Жүрегім кетті шымырлап,
Шамам жоқ бірақ түсінер.
Көрші ағай неге ашулы,
Бер кел деп мені шақырды.
Есекті ертеп ұн әкел,
Деп маған жұмыс тапсырды.
Ұн алдым келіп диірменге,
Көңілім нан боп шерменде.
Сұрқия ойлар ұялап,
Қуамын оны әрменге.
Әйелдер келген су ала,
Сыбыр да күбір өзара.
«Естімепті баласы,»
Деседі бірі «е, алла».
Қазығұрт ата:
-Жанары толып мұң жасқа,
Езілген жүрек тұрмас та.
Тек үнсіз жылап келеді,
Не шара қалды ұқпасқа.
Құлады қырдың төсіне,
Егілді өксіп шешіле.
Түңіліп мына өмірден,
Деді ме «тудың несіне.»
Апам-ай! дейді жүрегі,
Сол жүрек мәңгі бір еді.
Сол сәтті айту мүмкін бе,
Құласа жалғыз тірегі.
Жылап ал балам, жылап ал,
Жылаңдар таулар несі бар.
Қалмасын іште қайғы шер,
Өмірдің алда көші бар.
Долданып талдар тербелді,
Күркіреп бұлттар кернеді.
Жай оты ойнап аспанда,
Ақ жауын көктен селдеді.
IV
Қазығұрт ата:
-Еркектер кілең қатарда,
Шығарып соңғы сапарға.
Тапсырып жатыр анасын,
Мәңгілік тыныш жатарға.
Жалғыз-ақ жетім шері ме?!
Қайғыдан тұрса егіле.
Мысқылдап күлді бір кісі,
Әзілдің қазір жөніме.
Сабақ де мұны өзіңе,
Сын көзбен қара сөзіне.
Тағдырдың жолы тым қатал,
Тас ауыр түскен жеріне.
Сол кездің жайы осындай,
Қалдың сен үнсіз қосылмай.
Ұғынған аздап боларсың,
Сыр еді жүрген ашылмай.
Үйретер өмір бәріне,
Төзерсің тағдыр кәріне.
Тіріге керек тіршілік,
Тіршілік үшін бәрі де.
Бала:
-Пірімді менің сіз деймін,
Жақсыдан күдер үзбеймін.
Тасып бір қалған кезімде,
Өзіңді ана, іздеймін.
Пірімді менің сіз деймін,
Жаманға әрі жүр деймін.
Жасып бір қалған кезімде,
Өзіңді ана, іздеймін.
Пірімді менің сіз деймін,
Қоңыр жай күйде жүргеймін.
Оңаша қалған кезімде,
Өзіңді ана, іздеймін.
Қазығұрт ата:
-Көңіл-ай шіркін іздейтін,
Жанымда әркез жүр дейтін.
Тұрады аңдап қасыңда,
Анашың асыл демейтін.
Тұрады демеп тек үнсіз,
Самал боп сипар жай тілсіз.
Нұры боп күннің аймалар,
Анаңмен мәңгі бір жүрсіз.
Қуансаң ол да күледі,
Мәз-мәйрам сен боп жүреді..
Анашың сенің арыңда,
Сен болып соғар жүрегі.
Автор:
-Топырақ, тірлік топырақ,
Адам бір өскен жапырақ.
Көктемде жайнар жарқырап,
Ал күзде құлар қалтырап.
Осы бір екі арада,
Өмірге адам қанама.
Қартайып жүзге толғанша,
Тимеші ажал анама.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері