Қазығұрт

Бұл бетте «Қазығұрт» атты Дәркен Танабаев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

(дастан)

Киіз үйде. Кешкі ымырт. Босаға.
Бесік тербеп ән сап отыр жас ана.
Қазығұрттың әрбір тасы киелі,
Деген үнге сәби құлақ тоса ма?!
Домбырасын қарт іргеде шертеді,
Төгіледі таңғажайып ертегі.
Ұйып жатқан таудан әнді асырып,
Ерке самал өзіменен ертеді.
Айтам аңыз, зейін қойып дос тыңда,
Қазығұртты мен де жырға қостым да.
Қайталаймын дана қарттың аңызын,
Демеп жібер сиқыр шабыт бос тұрма.
* * *
Мынау шексіз, шетсіз осы белеңде,
Жер де, күн де жаралмаған әлемде,
Көмкерілген көкжиекте болмаған,
Күркіреп бір ақпаған-ды өзен де.
Қайырымды тіршіліктің иесі,
Болғаннан соң күші жетер киесі.
Жаратыпты жерді, күнді, аспанды,
Жаратқанның ең керемет сый осы.
Онда әлі жер анада жас екен,
Алғаш көрген қызығына мас екен.
Қос анары секілді бұл Қазығұрт,
Балбыраған жаңа қатқан тас екен.
Қанша ғасыр содан кейін кім білді,
Көтеріліп көкжиектен күн күлді.
Жер ананың бауырында күн кешкен,
Адамдар мен жануарлар мың тілді.
Ал уақыт шыр айналып жатпаған,
Перзенттерін құшағында сақтаған.
Бейқам жатқан тіршілікті жердегі,
Топан суы түгел басып қаптаған.
Айла құрып жаратушы тәңірім,
Өз құлына берген тосын әмірін.
Алып кеме жасап жолға шығарыңдар,
Құтқармақ боп тіршіліктің тамырын.
Мекендеген орман, тау мен даламды,
Жұбыменен жан-жануар, адамды,
Кемесіне түгел бәрін жинаған,,
Толтырғанды нәр алатын тағамды.
Жүзген кеме су бетінде қалықтап,
Құрлық іздеп, тау біткенді шарықтап.
Жан біткенге жер іздепті қолайлы,
Жайлы мекен таппақ екен анықтап.
Қолайлысы болмаған соң, ал басқа,
Тіреліпті келіп өркеш жартасқа.
Кемедегі жан-жануар жұбымен
Тағдырлары таңылған ба сол тасқа.
Бұл аңызда айтылатын сыр шумақ,
Бала күннен көкейімде тұр тулап.
Жүрегімнің тыңдап көрші дүрсілін,
Асыл мұра құпиясын көр тыңдап.
«Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ол әулие болмаса неге қалған.
Кілең жетім ішінде жатып қалып,
Жан-жануар адамзат содан қалған».
«Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ол әулие болмаса неге қалған.
Жетім бала ішінде жатып қалып,
Қазығұрт ата-бабамыз содан қалған».
«Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ол әулие болмаса неге қалған.
Жетім қозы ішінде жатып қалып,
Шопан ата жануар содан қалған».
«Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ол әулие болмаса неге қалған.
Жетім бота ішінде жатып қалып,
Ойсыл қара жануар содан қалған».
«Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ол әулие болмаса неге қалған.
Жетім құлын ішінде жатып қалып,
Қамбар ата жануар содан қалған».
«Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ол әулие болмаса неге қалған.
Жетім бұзау ішінде жатып қалып,
Зеңгі баба жануар содан қалған».
«Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ол әулие болмаса неге қалған.
Жетім лақ ішінде жатып қалып,
Сексек ата жануар содан қалған.
Содан қалған алып пілің арыстан,
Қорқақ қоян, жүйрік бөкен жарысқан.
Өсімдіктер, жеміс-жидек, жайқалған,
Қу түлкі де, қарсақтар да алысқан.
Тамшы бастау тамып тұрған қасында,
Барлығы да нәр алыпты басында.
Ақ сүйек пе, қара ма еді білмеймін,
Адам ата жалғыз еді расында.
Тату онда тұрған дейді барлығы,
Күштілердің жүрмейді екен жарлығы.
Әлсіздердің орындалып арманы,
Қазығұрттың болмапты еш тарлығы.
Өмір, тірлік дана екен бәрінен,
Көп нәрсені түсінбеймін әлі мен.
Қызыл гүлді мен бөкеннен аясам,
Ал бөкенді қасқыр атты кәріңнен.
Қимаймын мен қасқырды адам оғына,
Ал адамды айуандықтың жолына.
Тіршіліктің өз заңы бар ағайын,
Бердім оны табиғаттың қолына...

ҚАЗЫҒҰРТТЫҢ БАСЫ НЕГЕ АЙЫР
Өзге таулар қызғанышпен қараған,
Бұл Қазығұрт бізден төмен жаралған.
Жан біткенді жиып алған бойына.
Бар тіршілік қалай одан нәр алған.
Тауларда да болды ма екен күндестік,
Қызбалық па әлде мүмкін білместік.
Тіршіліксіз қалғанына намыс қып,
Дауласуға жиналыпты бірде өстіп.
Көк тіреген қарт тәкаппар Алатау,
Қатпар-қатпар шежірелі Қаратау.
Төңіректе тау біткеннің барлығы,
Күйініштен шығарыпты үлкен дау.
Сабыр-сабыр деген екен Қазығұрт,
Алатауға айбарланған тарығып.
Тіршіліктен бөліп-бөліп берер ем,
Болмайтынын айтқан екен қамығып.
-Ақылға кел, тәкаппарым Алатау,
Су тартылсын тігіп берем бір отау.
Аямай-ақ дәл қазір-ақ берер ем,
Қарлы шыңды тұра алмайды бұл отау.
Ұлытауым, Алатауым, Қаратау,
Бәріңе де тігіп берем дара отау.
Жан ішетін су жатпайды төбеңде,
Сусыз шыңда тұра алмайды бұл отау.
Қызғаныштан жаны күйіп кетті ме,
Ақылдары соған ғана жетті ме?
Алып таспен аямастан осыпты,
Қазығұрттың қақ жотасын кесті де.
Қазығұртта қол қусырап жатпапты,
Бар даусымен жаңғыртыпты алқапты.
Арашаға құдіретті өзіндей,
Қасиетті жеті ұлын қаптатты.
Соны естіп қалған таулар қорыққан,
Бас тартыпты атақ үшін жорықтан,
Пенделігін жас таулардың Қазығұрт,
Сол арада кешіре алмай торыққан.
Айырылып алып биік тасынан,
Қара бұлтты жіберместен басынан.
Күңіреніп күрең бұлттар жылаған,
Жай оты да кетпей қойған қасынан.
Нөсерін де Қазығұрттың сүйемін,
Содан бері өркешіндей түйенің.
Тіршілікке құт болсын деп төктірер,
Бұлт ілінсе жібермейді киелім.
Құбылысты заңдылыққа балаймын,
Болған солай. Болады деп санаймын.
Күн күркіреп, шытынаса найзағай,
Бұлт бүркеген Қазығұртқа қараймын.

КЕМЕДЕГІ ХИКАЯ
Сөз етейін Қазығұрттың кемесін,
Біреу шындық, біреу жалған демесін.
Біздің тауда қалай айтса аңызды,
Солай сізге жеткізейін елесін.
Әр заманның болған ханы, қарасы,
Болған батыр, қарақшысы, данасы.
Тентегі де, момыны да, бұзығы,
Жақсысы да, жаманы да, аласы.
Әркім жасап қолдан келген тірлігін,
Біреуі ойлап жүрген елдің бірлігін.
Біреуі тағын, біреу қарнын ойлаған,
Соныменен өткізген де күндігін.
Ұрлық-қарлық, алдау-арбау көбейген,
Таза шындық шықпаған кез көмейден.
Адам біткен азып-тозып кеткен де,
Туған балаң жаралғандай өгейден.
Амалым бар тыңда мені пайғамбар,
Үлкен кеме ұзақ жолға сайлаңдар.
Жер жақанды тазалайтын күнәдан,
Жазалайтын топан су мен айлам бар.
Аян баріп жаратушы тәңірім,
Орындалсын деген осы әмірім.
Тіршілікке тұтқа болар-адам ғой,
Кемемізге салайық ең тәуірін.
Көріп қалып ойнаған ұл баланы,
Адам ата ұрпағына санады.
Шақырған соң Нұқтың өзі кемеге,
Күліп келді, ұшқын атып жанары.
Ұлға лайық қыз баланы алдырған,
Пілден бастап шіркейді де салдырған.
Тіршіліктен түгел ешкім қалмаған,
Жұп-жұбымен кілең жетім балдырған.
Ұрығынан алған барлық жемістің,
Ағаштардың шөппен шалғын егістің.
Салған екен барлық қажет заттарды,
Болғаны анық орны толмас кем істің.
Кіргізбейміз деген екен шайтанды,
Шайтан малғұн амал іздеп байқады.
Ұстап алды құйрығынан есектің,
Сорлы есек кірмей біраз қайқайды.
Малғұн тұрма, кемеге тез кір- депті,
Шайтан сол сәт, жалғыз өзі зу етті.
Кеменің ол жайғасыпты төріне,
Содан бері бір әзәзіл жүр дертті.
Малғұн мынау есек емес мен- депті,
Пайғамбар да сөз таба алмай терлепті.
Аңдаусызда шығып кеткен бір сөзден,
Арсыз қылық, тіршілікті меңдепті.
Ашу қысқан сабырсыздың тіліне,
Салады екен арам сөзді бүліне.
Менмендердің кеудесіне шоқ салып,
Жеткен екен талайлардың түбіне.
Күндестерді, бақталасты бағады.
Сен мықтысың-деп арқасын қағады,
Соған өзі мәз болады сыртынан,
Әзәзілдің арам отын жағады.
Жаратушы қол қусырып тұрмапты,
Шайтан үшін амал іздеп бір нақты.
Әзәзілге әр кез қарсы тұратын,
Періштені серік қылып сыйлапты.
Бір жағында отырады періште,
Ұялшақтау, өзі бірақ көргіш те.
Кешіреді артығырақ кеткенді,
Жомарт, адал, аңқау әрі сенгіш те.
Тоқтау салып тұрады екен адамға,
Шайтан бастар азғыратын қадамға.
Жақсы адамды періштелер жебейді,
Содан дейді жақсы болу жаман да.
Содан қалған мына біздер деседі,
Барлық адам бірақ жұптан кешегі.
Түсінбесек, шайтанымыз азғырып,
Ал түсінсек, періштеміз шешеді.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері