Тараз қорғаны І ғасыр

Бұл бетте «Тараз қорғаны І ғасыр» атты Дәркен Танабаев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Атам талай шежірені,
Аңыз етіп айтар құрап.
Білгім келіп тұрғаннан соң,
Қызықтырар кейбір сұрақ.
-Ата, біздің Таразға осы,
Екі мың жыл толды дей ме?
Күмбездері көмкерілген,
Әсем қала болды дейме.?...
-Айтып онда берейін мен,
Құйма құлақ зерегіме.
Тараз жайлы білгің келсе,
Құлақ түргін дерегіме.
Екі мыңдай жылдар бұрын,
Шежіріні болсаң тыңдар.
Қаңлы, Үйсін ержүрек ел,
Көшпелілер болған ғұндар.
Өз алдына елдер болған,
Ат үстінде жауын торып.
Батырлары арыстандай,
Жүреді екен жерін қорып.
Соны көріп Хань патшасы,
Үрейі ұшқан қатты қорқып.
Егер олар біріксе ел боп,
Жеңілемін деген жортып.
Тыңшыларын жіберген де,
Жайлы өзіне дерек терген.
Үйсіндерді марапаттап,
Күн биіне қызын берген.
Алтыны мен жібегін де,
Аямастан таратыпты.
Аңғал батыр бабам елін,
Байлығымен қаратыпты.
Алданыпты әз-әзілге,
Ала ауыз боп ағайынмен.
Көшпенділер әлсіресін,
Берем сонда сазайын мен.
Бабасының жерін басып,
Шегірткедей жауып қаптап.
Елін құл қып, малын алмақ,
Ханьнің қолы келед қаптап.
Сұс көрсеткен айбаһардан,
Сасқан елде болған дүрлік.
Ағайындар бас қосыпты,
Тажал оққа қарсы бірлік.
Қара түнге қарсы тұрмақ,
Тапқандай боп керек амал.
Өр Таластың сағасынан,
Соққан сонда берік қамал.
Жонып жебе, найзаларын,
Қылыштарын тасқа қайрап.
Қара бұлтай төнген жауға,
Бес қаруын отыр сайлап.
Қақты дабыл дауылпазы,
Садақ тартар келді кезек.
Жау өлігі тау боп жатыр,
Жаралысы қағар безек.
Таспен атқан қамалдарын,
Қабырғасы күйреп жатыр.
Лап қойғанға ішке қарай,
Сүңгілерін түйреп жатыр.
Қаптаған жау сарқылмаған,
Аз халыққа болған қайран.
Қан өзендей ағып жатыр,
Болған қырғын үлкен майдан.
Бабам жүрген жолмен қатпар,
Тағдыр уын татып көрген.
Ұрпағыма аманат деп,
Даласы үшін жанын берген.
Батырлардың сінген қаны,
Таразға ел табынады.
Ел намысын қорғамасаң,
Рухы жасып жабығады.
ІІ
ТАРАЗ ХІ ҒАСЫРДАН КӨРІНІС

Қайтесің Һайям тыңдап надандарды,
Есірген айырмастан адам малды.
Одан да Тараздың жас сұлуымен,
Ойнап- күл, болған емес заман мәңгі.
ОМАР ҺАЙЯМ.

Тізбектеліп тербетіле шаң басқан,
Ұзақ жолдан, ыстық күннен жеріген.
Жібек теңдеп таңнан демін алмастан,
Шаһарға да келіп жетті керуен.
Ұзақ жолға әккі болып етті өлген,
Керуенші тежегенде ат басын.
Қақпашы да кір деп дауыс көтерген,
Айқара ашып қаланың дәу қақпасын.
Жан барма өзі керуенге қараған,
Жұрты қайда жан көрсемші көшеден.
-Омар келген елдің жанын баураған,
Тойлап жатыр халық соны кешеден.
Отырардан келген сері жастар бар,
Домбырамен күй шертіп ән салатын,
Жүсіп Балсағұн, Махмұт Қашқар бар,
Және бір күн болды Һайям қалатын.
-Сен сілейіп неғып тұрсың қарамай,
Ей, жүгермек түйеден түс келсеңші.
Сайқы мазақ түн ауғанша тарамай,
Бүгін бізді аш жатады десеңші.
-Е-е! Баеке, түгі де жоқ жабығар,
Тараз үлкен қызметші де табылар.
Анау биік ақ үйде сол имам бар,
Күң, келіні жағдай жасап шабылар,
Бегімізге төлесеңіз салығын,
Қонақтарға жайсыз ба едік сонша біз.
Сіз дұрыстап келтірсеңіз нарығын,
Бар сауық та, асхана да, моншамыз.
Һайям айтты, деп қаламыз шулап жүр,
Мәз болады күліп, қайтсін кедейің.
Біздің молда қапа соған тулап жүр,
Соны сізге менде айтып берейін.
Елге өзін көрсетеді тәкаппар,
Анау мешіт, анау бектің сарайы.
Тақсырымен сұлтанына жалтақтар,
Ол сорлы да қу құлқынның малайы.
-Мына өлеңді айтқан адам оттапты,
-О, баеке, өйтіп бекер шатпаңыз.
Ел естісе көрсетеді тоқпақты,
Тараздасыз, тек сабырлық сақтаңыз.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері