Орыс тілі апай (баллада)

Бұл бетте «Орыс тілі апай (баллада)» атты Бақытжан Алдияр жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Тумай жатып бәрін білген бәленің,
Бәтеңкесін теріс киген бала едім.
Өзіме тән бар болатын дүнием,
Өзіме тән бар болатын әлемім.

Тіршіліктің тауып жүрген есебін,
Тірі жанның бәрімен де дос едім.
Шаңын қағып жүретінмін көшенің,
Көршіміздің ұрлап мініп есегін.

Ұқсамаса ұқсамасын жорғаға,
Екеумізді шақыратын жол ғана.
Есениннің жатқа оқитын өлеңін,
Есегіне теріс мінген сол бала.

…Қара шашы секілденген қара түн,
Былайғы жұрт біле бермес көп атын,
Сол ауылда әрі әдемі, әрі жас,
"Орыс тілі" апайымыз болатын.

Жүрегіне қадалғандай сан ине,
Мұңлы көзбен қарайтын ол фәниге.
Өзіне сай бар еді ішкі есебі,
Өсегі де таусылмайтын әрине.

«Аңғал қыз-ай, алданған ғой» десе ауыл,
Сол кездегі аңқау бала, асау ұл,
«Кім алдайды, неге алдайды, неге деп
Ойға батып кететінмін неше ауыр.

Бала қыздай кей мінезі күлкілі,
Иіссудің бар еді онда түр-түрі.
Көп ойланып апайыма содан мен
«Ғашықпын» деп өлең жаздым бір күні.

Алшысынан түсті деп ем асығым,
Ертеңіне сабақтан соң жасырын,
Іштен жауып мұғалімдер бөлмесін,
Мені оңаша алып қалды «ғашығым».

Сосын...
Сосын көзбен қарап сәл мәнсіз,
Бауырына басып мені қорғансыз,
«Баласың ғой, не білесің?-деді де,
Ағыл-тегіл жылады-ай бір армансыз.

Жылады-ай бір, жылады-ай бір жанымен,
Жүрегінен жас боп аққан қанымен.
Сондағыдай мұңға толы қарасты
Ешкімнен де көргенім жоқ әлі мен.

Жан-жағымнан соққандай-ақ сан дауыл,
Бәрінен де осы қарас болды ауыр.
Содан кейін ешкім көрген жоқ оны,
«Орыс тілі» апайынсыз қалды ауыл.

Мен білмеймін қайда екенін, мекенін,
Оны ойласам мұңға батып кетемін.
Бір он жасқа есейдім мен сол күні,
Сонда ұқтым мен ғашықтықтың не екенін.

Солай, досым, кімге ұстатсын қасқа-арман?
Әр тағдырда бір құпия астар, мән.
Осылайша менің алғаш өлеңім
Махаббаттан соққы жеуден басталған.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері