Өлең, жыр, ақындар

Үміт

  • 07.02.2016
  • 0
  • 0
  • 2987
Айнымайсың сен тіріде,
Қайран үміт күш-қуатым.
Жететұғын жер түбіне
Сенсің менің ұшқыр атым.
Тояттап ап көк асқарда
Бойға сыймай бұла күшің,
Жететұғын жеті аспанға
Сенсің менің қыран құсым.
Әкелесің жақын етіп,
Көк мұхитты алыс тұрған.
Сенсің мені ақын етіп,
Табиғатпен табыстырған.
* * *
Кейде жаным сырласады
Үндемейтін жұлдыздармен,
Туламайтын толқындармен,
Тілсіз мылқау түнгі ызғармен.
Кейде жаным сырласады
Тұнып қалған тұңғиықпен,
Көк таулардың мұнарымен
Көтеретін күнді иықпен.
Жүрек тулап тыншымайды,
Өтті ұйқысыз түндерім де.
Олар менен тіл сұрайды,
Жүрмін ойда тіл беруге.
* * *
Тауда бір шал
Ақ самайлы, ақ қарлы.
Жерде бір шал
Әжім-әжім қатпарлы.
Көл бір кемпір
Түн ұйқысын төрт бөлген.
Ұзақ таңды
Көзін ілмей өткерген.
Бұлақ жігіт
Бойында қан дуылдап,
Айқай салып
Жел көтерген шуылдап.
Мұнар болсын,
Тұман болсын — Бір оған
Дүниемен сөйлесетін
Секілді ол тірі адам.
* * *
Ақсақалды қарттардың
Сақалдары ақ сүңгі —
Түсіреді есіме
Қар жамылған ақ шыңды.
Қара қасты қыздардың
Қара шашы — қара түн,
Түсіреді есіме
Қарлығаштың қанатын.
Алдаспанды батырдың
Ақ сауыты айбынды —
Түсіреді есіме
Ақ көбікті айдынды..
* * *
Бұлбұл құстар қалды артта,
Тамылжыған әнімен.
Туған жерден аулаққа
Кетіп барам тағы мен.
Қойып үнсіз бір сұрақ
Самолетке шығарып,
Ақмойнағым қыңсылап,
Жер тырнайды бір ауық.
Туған жерден алыстау,—
Дегендей-ақ бұл айып,
Жас кезімнен таныс тау
Жаудырайды мұңайып.
Бір өткір жел еседі,
Атанды да құлатар.
Кетесің бе деседі
Өзендегі құба тал.
Тұрғындары даланың
Тұрмыз деме шығарып.
Бәріңді де барамын
Ұзақ жолға бір алып.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бояулар

  • 0
  • 0

Ақ сәулелер сөйлейді үнсіз,
Ақ аспанның тілі болып.
Көк сәулелер сөйлейді үнсіз,
Көк теңіздің жыры болып.

Толық

Мен киевте келемін

  • 0
  • 0

Алматыдан басталған,
Аяқталды алыс жол.
Қағып алды аспаннан
Киев аэропорты — Борисполь!

Толық

Қызыл су

  • 0
  • 0

Бір өзіне көзді аударып алғандай,
Теңізде ойнап қып-қызыл от жанғандай.
Шығанақта жатыр шалқып қызыл су,
Батар күннің бояуын ап қалғандай.

Толық

Қарап көріңіз

Пікірлер