Ымыртта, ызғын қолатта

Бұл бетте «Ымыртта, ызғын қолатта» атты Ұлықбек Есдәулетов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Ымыртта, ызғын қолатта
Ырдуан арба ырғалып,
Қопаңдап қойып қорапта
Ылдимен үйге құлдадық.
Екеуімiз – атам және мен,
Елеусiз ғана келемiз.
Ен дала төсi – қараөлең,
Елтидi желге денемiз.
Қыр үстiн өртеп отымен,
Қырмызы жүзбен күн батты.
Қызыға қарап отыр ем,
Қайырылып атам тiл қатты:
«Батысқа, балам, қызықпа,
Батқан күн – бiздiң күнiмiз,
Көкжиек деген сызыққа
Сiңгенше ғана тiрiмiз.
Уақыт зулап улы оқтай,
Уатып өтер төзiмдi.
Сондықтан, балам, күн батпай,
Айтып қал айтар сөзiңдi», –
Дедi де демi дiрiлдеп,
Демiгiп маған қарады.
Батқан күн нұры бiрiндеп
Көзiнен балқып тарады.
Қарашығында мұң тұрды,
Аядым қартты құнысқан.
Қайырылып артқа күрсiндi
Таң iздегендей Шығыстан.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері