Піл

Бұл бетте «Піл» атты Ислам Шұғайыпұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Тандыр нандай жап-жалпақ
Қос құлағы.
Тұмсығын иіп, созып,
Соққылайды...
Болса да Үндістанда
Бас тұрағы,
Бізді ол зообақта —
Шат қылады.

Теңселіп маң-маң басқан
Жүрісі де,
Аяғы төрт бағандай
Тік тұрады.
Табанының басында, білесің бе,
Секілді шолақ бәшпай,
Төрт тұяғы.

Шойындай сомдап соққан денесі де,
Шамданса айқай салып,
Күш қылады.
Көтеріп бөренені ол, иесіне
Болысып, әжептәуір іс қылады.

Құйрығы шолақ қамшы сияқтанып,
Бір тұтам, шолтаң қағып,
Шұнтияды.
Көзі тұмсық үстінде қияқтанып,
Ауязы астында —
Бергеніңді жеп тынады.
Жон арқасы жұп-жұмыр
Қыраттай бір,
Піл ерекше барша аңнан
Мықты нағыз.
Ыстық жақта өткізген —
Өзекті өмір,
Айта берсем піл жайлы —
Өжет нағыз!

Пілді үнділер салт мінген,
Аттай қылып,
Кілем жауып үстіне,
Алқа тағып...
Піл де адамға жасайды
Сонша қылық,
Мінгеніңде теңселген —
Жорыта шауып.

Шлангідей тұмсығы су атады,
Суды шашып фонтандай боратады.
Жапырақ, нанды, шөпті — бәрін жейді,
Барша бала нар пілді ұнатады!
Зообаққа барғанында көріп пілді,
Атасы өз ұрпағын қуантады!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері