Малды өрістен шақыру және суару саздары
Бұл бетте «Малды өрістен шақыру және суару саздары» атты Ислам Шұғайыпұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
ТҮЙЕ
Күлге аунаған маңқайып,
Жүрсе басы шалқайып.
«Қауыс-қауыс-қауыс!» – деп,
Шықса болды дауыс тек,
Түйе жетер теңселіп,
Дүниені еңсеріп.
Анда-санда бір жұтып,
Мұржа өңештен қылғытып.
«Сорап-сорап-сорап!» – деп,
Қойсаң болды, жануар
Ішіп суды қанар тек.
СИЫР
«Ауқау-ауқау, ауқаулап», –
Мал келмесе өрістен,
Шақырасың айқайлап,
Сиыр малын дөңістен.
«Шәуім-шәуім, шәуім, – деп,
– Сумен кірер әрің», – деп.
Суарамыз осылай,
Біліп алғын, досым-ай!
ЖЫЛҚЫ
Шақырады жылқыны –
«Тұрау-тұрау, тұраулап».
Шақырады құлынды –
«Құрау-құрау, құраулап».
Суарғанда жылқыны
Ысқырады ерінмен.
Жылқының кей қырсығы
Таңдап суды, жерінген.
Су ішкенде есінеп,
Көрсетеді тістерін.
Кейде тіпті кісінеп,
Оқыранар ол керім.
Суды ішеді он бөліп,
Аузы-басын он керіп.
Сол үшін де жылқыны
Атандырған ел көрік.
ҚОЙ
Мінезге бай момынды –
Қой баласы қоңырды
«Пүшәйт-пүшәйт, пүшәйт!» – деп,
Шақырғаның орынды.
Қашқан қойды «Шәйт-шәйт!» – деп,
Қайырғаның қонымды.
Ешкімге жоқ зияны –
Қой деген мал оңымды.
Су ішкенде үндемей,
Топырлайды кимелей.
Сол үшін жоқ сөз оған,
Қой суарсаң біл, балам.
ЕШКІ
Болмас сөздің кештігі,
Жазғаннан соң шегелеп.
Шақырады ешкіні –
«Шөре-шөре, шөре!» – деп.
Су ішкісі келгенде,
Қалмай ерер артыңнан.
Ешкіге су бергенде,
Басқа сөз жоқ айтылған.
Осыменен төрт түлік
Жайындағы жырымды,
Бітірейін шат-қызық,
Баян еткен сырымды.
Білмеген жан білсін деп, –
Жазған жырым басшылық.
Қызығына күлсін деп, –
Кейінгі жас жақсы ұғып!
- Омархан Айнұр
- Омархан Айнұр
- Ахмет Байтұрсынұлы
- Конфуций
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі