Тоқайға

Бұл бетте «Тоқайға» атты Сырбай Мәуленов жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 07.02.2016
  • 0
  • 0
  • 2848
Кәрілік жайында өлең жазып,
Өзің кәрі болмай кеттің.
Махаббат жайында өлең жазып,
Өзің ешкімнің жары болмай кеттің.
Тек қана қазақ үйінде,
Бөлендің көңіл қызығына.
Тойдың қазақ уызына,
Қандың қазақ қымызына.
* * *
Сені мен мен
Мені мен сен
Топырақтай
Шөптейміз.
Сені мен мен
Мені мен сен
Бірінсіз бірінің үні жоқ.
Бірінсіз бірінің күні жоқ.
Бір туысқан
Күн батыстан,
Күн шығыстан
Табысатын
Жер мен көктейміз.
* * *
Жүгіремін
Аспаннан тамса
Меруерттей мөлдір моншақтар.
Жүгіремін
Жерменен көкте
Керегедей
Тартылса кемпірқосақтар.
Жүгіремін
Алғашқы жауған жас қарға,
Алғысымды
Айтамын сонда ақ қарын берген аспанға.
* * *
Кейбіреулер ақ жанды,
Жаңа жауған ақ қардай.
Саған төнген қанжарды
Кеудесімен қаққандай.
Біреу құрттай қап-қара,
Іштен үңгіп жейтұғын.
Өзі өлтіріп жап-жаңа,
Кім өлтірді дейтұғын.
* * *
Жағалаулар сұрайды
Толқындарды тулаған.
Шағалалар сұрайды
Жел қанатын зулаған.
Сенбе желге,
Көлге сен.
Біріне-бірі қарыздар.
Сұрағанын бермесең
Олар да кейбір адамдай,
Боратып атар арыздар.
* * *
Самед Вургун айтқандай;
Өлімге несін асығам.
Жағаға келіп қайтқандай,
Толқындай жарға асылам.
Әлі көп менің жасарым,
Теңіздей толқып
тасамын.
Кейбір композиторлар,
Менің өлеңіммен
Бастар алғаш жас әнін.
* * *
Түнгі трамвайлар,
Менікі емес,
Сенікі,
Екі мыңыншы жыл,
айлар
Менікі емес,
Сенікі.
Аймен бірге жүзетін
Самолеттер сенікі,
Жерді судай сүзетін
Жаңа оттар сенікі.
Мен көргенмін кезінде
Тулағанын тереңнің,
Құлағанын жұлдыздың,
Жылағанын өлеңнің.
Жесірлерді жұбаттық,
Сау болған соң басымыз,
Өзімізге
ауыр жүк арттық,
Кеміді көп жасымыз.
* * *
Түлкідей қашқан
қиырдан,
Қырғыздың қызы әні өзі.
Аузынан келіп құйылған,
Сыбызғы мен әуезі.
Кеудеме сымнан
күй тарап,
Кездесемін аңсап мен.
Тұрғандай мені сипалап,
Сиқырлы сұлу саусақпен.
* * *
Түндерді көрдім:
Жанған күндей.
Күндерді көрдім:
Қараңғы түндей
Не дейсің маған одан бөтен,
Суды іштім удай.
Содан ба екен?
Шашым аққудай.
* * *
Ғалиябану, сені қуып,
Түндерде көз ілмедім.
Дедің қазақ жері суық,
Менімен бір жүрмедің.
Ғалиябану, сені жазып,
Түндерде көз ілмедім.
Дедің қазақ жері жазық,
Менімен бір жүрмедің.
Ғалиябану,
Ғалиябану,
Ғалиям едің сен менің,
Балуан Шолақ секілді едім,
Бауларымен,
Тауларымен,
Сен жанымды көрмедің.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Тоқайға өлеңінің авторы кім?

Сырбай Мәуленов — осы өлеңнің авторы.

Тоқайға өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Тоқайға өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Сырбай Мәуленов өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Тоқайға өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері