Өлең, жыр, ақындар

Алдыңдар ата-ананың ақ батасын

  • 02.08.2016
  • 0
  • 1
  • 9480
Отаудың еңсе тіктеп тағы бағы,
Ақ ниет ақ тілектен танылады.
Думаны басталды да, міне, ұлттың
Жаңа бір бой түзеді шаңырағы.

Бүр жарған сезім оты жүрегінде
Бақыт боп екі жастың тұр өңінде.
Ақ сезім, пәк махаббат тағы бүгін
Бекіді жүзік-серт боп, міне, өмірде.

Артта қап ата-ананың алаң күні,
Қош айтты қыз бен ұлдың балаңдығы.
Сезілер енді олардан бір-біріне
Шымылдық-ниеттей ақ адалдығы.

Еске сап салт-дәстүрдің жаңғырығын,
Тағы бір отау оты жанды бүгін.
Жалғайтын сендерсіңдер ертеңдерге
Өр ұлттың арман еткен мәңгілігін.

Өмірге қадам жасап аттағасын,
Алдыңдар ата-ананың ақ батасын.
Сол жолда ізгіліктен бөгде ниет
Төріне көңіліңнің аттамасын.

Несіп қып жақсылардың жүздесуін,
Сендерге қадамасын өзге сұғын.
Ұқсаң да жеті жұрттың құндылығын,
Қымбат боп тұрсын мәңгі өз бесігің.

Халқыңдай қасиетті, іргелі елдің,
Қастерлі, қадір тұтар біл дерегін.
Болмысын өзгертпесін десең ұрпақ,
Қашанда берік болсын іргелерің.

Тәңірің жолықтырмай қайғы-мұңға,
Әр шақта жол сал бақыт айдынына.
Отауың - енді өздерің қалап тіккен
Шомылсын бақ сәулелі ай нұрына!

Еске сап ерке шақтың сан қылығын,
Біліңдер адалдық деп - мәңгі ұғым.
Сезініп өзің сүйген жүрекпенен
Ұққайсың жаныңдағы жардың үнін.

Болса да махаббаттың жыры басым,
Бағасын сан сынақпен ұғынасың.
Арманы ортақ болған қос жүректің
Сезімі сол сынақта суымасын.

Тілесең орнасын деп бағың да нық,
Біріңді-бірің сүй де, жалындап ұқ.
Ақ неке, ақ ниетпен, міне, бүгін
Тағы бір отау шамы жағылды анық.

Отбасы, ең бастапқы сол - Отаның,
Ата-ана қорғаштайды балапанын.
Бір-бірін шын ұғынған екі жүрек,
Құт болсын көтерілген ақ отауың!



Пікірлер (1)

Miras

өте күшті

Пікір қалдырыңыз

Арудың солдатқа хаты

  • 0
  • 0

Әскердесің,
Сенсіз жалғыз жүргенім
Болмаса тек -
Сеніменен біргемін.

Толық

Ана тілегі

  • 0
  • 0

Аға-інінің бауыры едің, гүлім сен,
Бойжетіпсің, ой түбіне үңілсем.
Қызым менің, жаңа өмірге жол салдың,
Баққа ұмтылып бара жатсың бүгін сен!

Толық

Жеңгенің қайын сіңлісіне тілегі

  • 0
  • 2

Ұқсап тұрып кейде сұлу гүлге анық,
Кейде өзіңмен сырласқандай мұңайдың.
Қарап жүр ғой біздің үйге ұрланып
Кіл бозбала дәті қалмай, Шырайлым.

Толық

Қарап көріңіз