Бөрі басты көк байрақпен танылдым
Бұл бетте «Бөрі басты көк байрақпен танылдым» атты Ерлан Ахмет жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.
Көн ғасырды тізерлетті хас-арман,
төл тарихы тасқа ойып қашалған,
Ер Түріктің ұрпағымын!
Ұраным
ұлылыққа бастап келген қашаннан.
Түркі қаным тамырымда бұлқынып,
бостан жігер Азаттыққа ұмтылып,
жұмыр жердің төрт торабын көмкерер,
жүрегімнің төрінде тұр нұр тұнып.
Кеуек,
ұйық,
балбалдардан сыр ұқтым,
көк бөрімді Көк жүзіне ұлыттым.
Арпалыста арыстандай атылған
бабалардың бесігінде шынықтым.
Керітартпа заманыммен тірестім,
келмеді оның жетегіне ілескім.
Тұлпарымның тұяқтарын тоздырып,
Тәуелсіздік таңы үшін күрестім.
Бөрі басты көк байрақтан танылам,
өр намысын найзағайға жаныған.
Кіріптарлық бұғауынан босаған
Абылайдың кіндігі деп табылам.
Дәуірлердің дүбіріне қанықпын,
қара бұлтты түрген сәуле – Жарықпын.
Түпсіз терең тамырына жалғанған
тұқымымын түркі текті халықтың.
Көңілі пәк – пана болмас күйікке,
сүйініп те, тұрар Аллаһ сүйіп те,
Ер Түріктің ұрпағымын!
Ұраным: Менің қарашаңырағым – биікте!
- Азамат Төре
- Абдраманов Арсланбек
- Абдраманов Арсланбек
- Абдраманов Арсланбек
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі