Бұл үйдің барлық халқы нық – Фариза Оңғарсынова

Бұл бетте «Бұл үйдің барлық халқы нық» атты Фариза Оңғарсынова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 30.03.2018
  • 0
  • 0
  • 3432
Бұл үйдің барлық халқы нық,
шетінен тұлға шіренген.
Қамдарын ойлап шарқ ұрып,
шырылдап жалғыз жүрем мен.
Оларша: самғар қанатын
құстаймын, ой мен қайғым кем.
Бәріне бәрін табатын
сарқылмас байлықтаймын мен.
Алдырып бойды кірбіңге
мұңайдым ба әлде өткенге,
болмаса жылап-күлдім бе –
ешкімнің ісі жоқ менде.
Басқаның түн мен таңы да
көлеңке қашар жап-жарық,
мен болсам – шыбын жаныма
іздеймін медет қарманып.
Жүргендей жұрттан шет қалып,
түскенше бүйтіп сарсаңға,
бас ауған жақты бетке алып
шығандап кетіп қалсам ба…
Үйім де жаттай, мұңданам
қызықпай шапан-шенге де.
Жоқ, әлде, жанды шырмаған
қырсықтың бәрі менде ме?..


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері