Биліктіге айтылар сөз – Фариза Оңғарсынова

Бұл бетте «Биліктіге айтылар сөз» атты Фариза Оңғарсынова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 31.03.2018
  • 0
  • 0
  • 3992
Шырқыраған заман-тордағы
қара халықтың қорғаны
хандарға сәлем бермесем,
алдына емпеңдеп келмесем,
жыр-семсеріммен жерлесем,
көңілімде зілдің болғаны.
Мәз болмай майлы түгіңе,
құлақ сал елдің үніне.
Жаттарың жалпаң қаққанға
қарындағы майдай жібіме:
қашаннан не бір хандардың
жалтақтық жеткен түбіне.
Ойыңмен барлап қарашы
билеріңнің түріне:
көз тоқтамайды біріне:
көре қалса жат малды
құйрығын қысар бүгіле
өңшең қайыңқапталды
жинап алыпсың ініңе.
Көзің неге түспейді
сырттан мінез іріге?
Арлан боп жалғыз айтар дау
көрінсем деген сайқалдау
саясатыңның түрі ме?
Ел басына күн туса,
өз басыңа сын туса,
мыналарыңның бірі де
ортақтаса алмас жүгіңе –
сүйенесің сонда кіміңе?


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері