Күш
Лахутидің ізімен
Көрдің бе сен құйынды құйындатқан,
Бұрқыратып даланы аспанға атқан.
Кездей соққан керуенге ойран салып,
Туған жұрттан айырған, зар қақсатқан.
Өкіргенде ысқырып үйіріліп,
Жар тастарды қопарған бұрқыратқан.
Таулы ауылдың үстінен өте қалса,
Алып ұшқан, жат жерге қоныстатқан.
Бұл долы күш өзгені менсінбейді,
Талай жерді сол күш қой қаңыратқан.
Көрдің бе сен бұл күштің мұндайлығын,
Дөңгелеткен - тауларды доптай қаққан,
Қандай ессіз жақсылық күтер екен,
Долы құйын есалаң ақымақтан?!
Бұл күш керең көз де жоқ, мылқау жана,
Аулақ одан өйткені ақыл, сана.
Асаулықпен ұмтылса бүлдіреді,
Қиратылар жолында тұрған қара.
Көрдің бе сен толқынды қара түнде?
Билеп ажал ойнаған төңірегінде.
Асқар алып кемелер - корабльдер,
Қорыққанынан шөккенін су түбіне.
Қайда барса долы күш, таудай толқын,
Жегі болған сол жердің өміріне.
Өзі қызық, өзіне-өзі әндетіп,
Жан шыдамас тебінгі теміріне,
Осы ортада, қатерлі қорқынышта
Сәнді күй көтеріңкі жүр ғой бірге.
Қандай ессіз жақсылық күтер бұдан?
Тыныс әлде, қуаныш болар дей ме?
Бұл күш керең көзсіз ғой, мылқау жана
Аулақ одан өйткені ақыл, сана.
Асаулықпен ұмтылса бүлдіреді,
Қиратылар жолында тұрған қара.
Сен көрдің бе тасқынды айқайлаған?
Тасты уатып, темірді талқандаған.
Жүз жасаған еменді қалшылдатып,
Жұлып алған бойымен ыққа айдаған.
Оған жат жоқ, жақын жоқ, бауыр да жоқ,
Ол бір дажал көпіріп жалмаңдаған.
Батырға да, байға да, пақырға да,
Балаға да, анаға құлаш жайған.
Тасқыны үшін бәрібір, айыру жоқ,
Тұншықтырса болғаны шығармай қан.
Оған бөгет болмайды тау да, тас та,
Құтыларлық күш шықпас жолбарыстан.
Бұл күшті кім танымас, кімдер білмес,
Көрген жан бар - онымен арпалысқан.
Бұл да керең көзсіз ғой, мылқау жана
Одан аулақ өйткені ақыл, сана,
Көзсіз асау тулайды бүлдіреді.
Қиратылар жолында тұрған қара!
Сен көрдің бе, вулканды тауда жанған?
Асқан үрей, қорқыныш жерді жарған.
Арпалысқан теңіздің суық суы
Буы тұрсын жанудан күлге айналған.
Тау жыраға айналып, жыра тауға,
Тау орынынан түйір тас табылмаған.
Шулап жанып, жалыны маздағанда,
Талай елді өртеген тау жанынан.
Алып жердің кеудесін күрілдетіп,
Ең ыстық шоқ бүркіген аузынан.
Қай мақлұқ азапты, отты сүйер,
Қандай ессіз қайырым күтер бұдан.
Бұ да керең көзсіз ғой, мылқау жана
Онда да жоқ себебі ақыл, сана
Көзсіз асау тулайды, бүлдіреді.
Күйретілер жолында тұрған қара!
Көріп пе едің сен түнде найзағайды?
Күрсілінен жер де, көк қалтырайды,
Қаһарынан қорыққаннан бұлттар шулап,
Түнде аспанда атылып от ойнайды.
Түскен жерін қандатып, қырғындатып,
Адам тұрсын пілді де шыдатпайды,
Сол найзағай күшімен ұсатылып
Жер бетіне күрсініп, тау құлайды.
Оның оқтай ұшқыны әлем кезіп,
Батыс, шығыс - бәрін де аралайды.
Ондай өткір қанжар жоқ кесіп түсер,
Не де болса кеседі қарамайды.
Одан күшті асқан күш қайда болмақ,
Одан артық күштіні кім таңдайды!
Бұ да көзсіз тас керең, мылқау жана,
Онда да жоқ, сезінер ақыл, сана.
Көзсіз асау түседі, бүлдіреді
Күйретілер жолында тұрған қара.
Тағы күш бар айтарлық дүниеде,
Қалған күштің бәріне жалғыз ие.
Күндестік жоқ, онымен талас та жоқ.
Оған тең жоқ, ол не дүниеге.
Оның сырын айта алар менің жырым,
Күшті жырым асқақтап күйін төге.
Ойсыз емес, сезімсіз мылқау да емес,
Ол баспайды санасыз керісіне.
Қатуланса, долданса, қаһарланса.
Істейтінін біледі қимыл неге.
Ол шындаса - вулкан да, су мен құйын
Қол қусырып құл болар үйіріле.
Бұл ғасырға белгілі атайман күш
Асқар алып адамның өмірінде.
Қайнап біткен ақыл мең онда сана,
Көзі қыран, тілі бар өткір жана
Басқаратын сана ғой асқар күшті,
Тілегінің жететін барлығына.
Білермісің мен айтсам ашық сырды?
Сыр болғанда терең сыр - сыры жырлы.
Біле білсең бұл күштің асқарлығын
Еліктірер, қыздырар тұла бойды;
Бірақ оны тұйықтап, тұншықтырған,
«Тілсім» бе еді, ертеде, кімдер еді?
«Тілсім» де емес, жазылған «тағдыр» да емес,
Жау кемірді, жау болған жегі жеді.
Ол күш міне есейді, жолын тапты,
Не қылса да әлемді, қолында енді;
Ол ғасырлар езілген таптың күші
Таба алмайсың сен енді оған теңді.
Қайнап біткен ақыл мен онда сана,
Көзі қыран, тілі бар, өткір жана.
Сыры терең, санасы сондай күшті,
Тілегінің жететін барлығына. –
Ол күш: талант тамаша таңқалғандай,
Онда білік, онда ерлік, ақыл қандай,
Ол әзірге қыспақта қысылулы
Ертең ол күш мұхитты сапырғандай
Ертең ол күш: бұрсанып - буырқанып,
Үстем «жауын қаусатып жапырғандай.
Қысылғанмен әзірге езілгенмен,
Ашыққанмен, тоңғанмен, дамыл алмай,
Алданғанмен арбалып шытырманға,
Қалай тұрар күні ертең ойран салмай?
Қалай шыдар алып күш, өткір сана
Қан сасыған майданға қарсы бармай!
Табан тіреп тартуға толғап - толғап,
Қорамсаққа шіреніп қолды салмай.
Қайнап біткен ақыл мен онда сана,
Көзі қыран, тілі бар өткір жана.
Сыры терең, санасы сондай күшті,
Ол әйгілі әлемнің барлығына.
Ол күш жаудың болса да қамалында,
Езілсе де капитал табанында.
Көтерілсе, тебіренсе, тебініп жер
Күрес қызар, ұласар алабында,
Әлеміңді игеріп, ие болып,
Ту тігеді, қырмызы жоғарыға,
Арпалысқан жауының тауын бұзып,
Көрсетеді, күшін де, амалын да.
Қайнап біткен ақыл мен онда сана.
Көзі қыран, тілі бар өткір жана.
Сыры терең, санасы сондай күшті,
Бар күштердің тәңірісі осы ғана.
1932
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі