Қазақша жырлап өтем
Күләш Ахметова қарындасқа
«Түркіше жырла», —
депті назгер ақын,
Бұйырсын өзіңе ол
«насихатың».
Келгенмін дүниеге қазақ болып,
Түрік емеспін түркіше
жыр жазатын.
«Емеспін не Пушкин,
не Фирдоуси да,
Қаламын Дихан болып өз даусымда.
Демеп пе ем?
Сол антымнан айнымастан,
Өтемін Дихан болып
дем таусылса.
Қазақпын қаз дауысты...
әлемге паш!
Мұсылманмын....
түрікпен исламдас.
Жырлаймын түрікше емес,
қазағымша,
Жүз жерден болса да ол дін қарындас.
Қазақпын,
Қазақша жыр жазамын да:
«Бұйырсын игілігі қазағыма» —
Деп тілеп
қанаттанған қазақ жыры,
Көнбейді басқа тілдің
азабына.
Қайда біздің оз ұлттық
намыс пен ар?!
Жетім бала тәрізді:
нақ кіріптар.
Не бар бізге
«түрікше жырла!» дерлік,
Лапырғанда да болайық жон лапыртар.
Қазақпын!
Қазақтың жыр тарланымын,
Менде жоқ,
бұдан бөтен тарлан ұғым!
Қазақпын,
Менің мендік жырым—қазақ!
Тірлігім,
жан ләззатым, сырым — қазақ.
Бүгінім,
болашағым, ар-арманым,
Асқар тау,
айдын көлді жерім — қазақ.
Шалқыған ғасырларға әнім — қазақ,
Шат-думан сауық-сайран
сәнім — қазақ.
Алтын тон,
алтын мұртты,
алтын бидай,
Мұхиттай толқып жатқан
дәнім — қазақ.
Жайдарман жаны дарқан
елім — қазақ,
Көк кілем көкорайлы белім — қазақ,
Алтын,
күміс, қорғасын
кенім — қазақ.
Қаһарға қарсы аттанар халқым — қазақ,
Өлуге бар, өзгермес
антым — қазақ!
Сатусыз
дастарқанын кең жаятын,
Сарқылмас кең пейілді
салтым—қазақ.
Ақ орда сахарада
үйім — қазақ,
Домбырада
«Саржайлау»
күйім — қазақ,
Аққуларға айдында
ән салдырып,
Ақ бикешке арнаған
сыйым—қазақ!
Таспайтын, саспайтын да
төзім — қазақ,
Долданса дауыл мінез
сезім — қазақ.
Ердің құнын екі ауыз
сөзбен шешкен,
Ақ сілтер әділетші
кезім — қазақ.
Бұқардай әулиелі
ақыл — қазақ,
Абайдай жыр тәңірлі
ақын — қазақ,
Тұлпар мініп,
ту ұстап,
найзаласып,
Елін жаудан айырған
батыр — қазақ.
Өткіздік бастан талай
тар заманды,
Ана — жесір,
ұл — жетім зар заманды.
Ақтабан шұбырынды
ауған дада,
Қазақ боп қазақ тілі
зарлаған-ды.
Қазақ боп жасаталы
буын-буын,
Қазақ боп мекен еткен
жерім-суым,
Тұман — күн,
күмән өмір жылдарда да,
Жығылып көрген емес
Туған Туым.
«Түрікше жырла» деу не
қазағыма,
Түріктің айналту ма мазағына?
Түрік өзі түрікше
жырлай берсін,
Мен жырлаймын қазақша
таза ұғымда.
«Тіліңнен без!
Менше жаз»
демес Түрік,
Олай десе қазаққа
ол дербес бүлік,
Жатсынбаймыз
түрік ұлты ағайынды...
Салдырмаймын тіліме түрік «тілік».
«Түрікше жырла»
деуді қайдан таптың?
Тіріде бола алмаймын
ондай сатқын.
Діндестігіміз болғанмен...
түркі тілде
Жырла деген әмірі жоқ қой хақтың!
Сөзгерім,
сыршыл ақын қызым менің,
Талай сұлу өрнектер
сызып едің.
Стамбұлда бір ішкен шарабыңмен
Әлі күнге япыр-ау,
қызу ма едің?
Әйтпесе...
«түрікше жаз, жырла» деу не?
Қайда біздік ұлт намыс,
ұлттық кеуде?
Қараң қал ып отырма ед қазақ тілі...
Түрікше жырламасақ
күн көрмеу ме!?
Ер түрік қандас,
діндес екені рас...
Болса да қанша туыс,
қанша сыйлас
Жалғанның жарығында өмір барда,
Қазақпыз жанын қияр, тілін қимас!
Өйткені
Туған тілім — бабам тілі —
өз тілім,
Туған тілім — анам тілі -
өз тілім,
Туған тілім — балам тілі —
өз тілім,
Туған тілім—далам тілі —
өз тілім,
Туған тілім — адам тілі —
өз тілім.
Туған тілде сыры терең жаным бар,
Туған тілде мың-мың ыстық қаным бар.
Туған тілде әнім менен сәнім бар,
Туған тілім — жүрек үнім, наныңдар,
Нанбасаңдар
Жүрегімді суырып-ақ алыңдар.
Дегенмін бұдан жарты ғасыр бұрын...
Ананың ақ сүтімен шыққан тілім,
Қадырым, қасиетім, ұлт тірлігім,
Тек сенімен тумақшы жүрек жырым.
Тұтқындай колға түскен жортуылда,
Түріктің тығылатын қолтығына,
Түрікше жырлар бізге не күн туды,
Жұмсайтын ұқсап оның ол-пұлына.
Сыйлаймын мен де түрік бауырымды,
Кешіргем бастан талай ауыр жылды.
Тілімді орысқа да қыршытпағам,
Жүректе сақтап намыс дауылымды.
Сол дауыл өрт боп бұрқап, лаулап күнде,
Жыр болып ешкімше емес, өз тілімде,
Заулап бақ, қасиетті қазақ жырым,
Барша әлем ұлт тілдері теңізінде!
Ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен,
Тілім бұл... талай тартыс майдан кешкен.
Құрметтейік жыр жүрек, қазақ тілін,
Басқа ұлтқа ерік бермей билеп-төстер.
Тәуелсіз елміз бүгін иеменді,
Кім қорламақ біздердей киелі елді?!
Қазақпын, көкте Ай мен Күн сөнгенше,
Қазақша жырлап өтем өле-өлгенше!
Қауымға, бүкіл қазақ баласына,
Қаз дауыс қасиетті Алашыма.
Анамның ақ сүтімен туған тілмен
Жырлаймын түркіше емес, қазақыша.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі