Жалғыздықтан қамығып шаршауменен
Жалғыздықтан қамығып шаршауменен,
Үміт күтіп жүрем мен бар сәуледен.
Айдың нұрын жүздіріп келбетіңе
Ақ дидарлы, жеттің бе, аңсаулы әлем?!
Жалғыздықтан қамығып шаршауменен,
Үміт күтіп жүрем мен бар сәуледен.
Айдың нұрын жүздіріп келбетіңе
Ақ дидарлы, жеттің бе, аңсаулы әлем?!
От ал менен, замандас, ой ал менен,
Аңыз болып қалсыншы аяулы әлем.
Ана дауыс жанымның аруанасы
Боздап жатыр бозаң түс бояуменен.
Жұпар жаңбыр маусымда бұрқыраған,
Сұңқыл дауыс тереңде шырқыраған.
Өлеңдетіп ұлы өмір тұрған кезде
Өлмейтұғын болса-шы шіркін адам!
Менің кеуде тұсымда қоңырау бар,
Сыңғырласа қоңырау, жалын аунар.
Жел үзгенде жылатып жапырағын,
Сағыныштан сарғайды сары баулар.
Шалқайып, шөлім бастым бар тұмадан,
Шабытым шалқып ақты-жарқын алаң.
Көтеріп аппақ жалау Күн жолымен
Адымдап келе жатыр Алтын адам.
Әз көктем, аяулымсың армандаған,
Мен сені іздеп жүрдім бар ғаламнан.
Жабықсам, сенсің мені құтқаратын
Көк жүзін көлеңке бұлт торлағаннан.
Тәңірінен бармақтай бақ сұраған,
Қайда барсаң – жылап жүрген бір адам.
Жаңбыр жұтып, мұзды ерітіп, қар басып,
Қырық жамау жүректерін құраған.
Жүрегімнен булығып ән шығарда,
Жаутаң қағып қарадым тамшыларға.
Ақ жаңбырдың мен-дағы күйін кешем,
Қара бұлттан аспаным аршыларда.
Балам, саған айтамын, тыңда мені,
Сыйға тартам өзіңе күнді әдемі.
Ана менен бала үшін жаратылған
Жер бетінің тербелген күллі әлемі.
Шалқығандай от тілі ыстық үйден,
Қызыл күнді бетке алып ұшты күймем.
Кешкі шапақ шөмеле төбесіне
Шашыратып қып-қызыл ұшқын үйген.
Аспан түгел айналып, жер құлады,
Ағытылып, лықсыды шер бұлағы.
Шер бұлағын тоқтатсам көзін тауып,
Ерттеп мінсем қайтадан Керқұланы.
Сексен қыр құлаш ұрды көл бетінде,
Сексен тау діріл қақты жер бетінде.
Жабылып жырын айтты жыршы құстар
Тыраулап қайтып келіп елге түнде.
Менің сорлы жүрегім мәңгі ғашық,
Күз боп шалқып, кетеді ол әнге ұласып.
Алма ағашы жұпарын бұрқыратып,
Аппақ гүлі төгіліп, талды басып.
Жасыл көйлегі желбіреп,
Қарақат көзі мөлдіреп,
Көбелек қуып барады
Сағымдай болып көлбіреп.
Алыстарға апар мені, ақ үміт,
Сыңар бұлттың қанатына таңылып.
Шашын жайып қара түндер келгенде,
Жалғыздықтың жырын жаздым жабығып.
Жалған ғой, бәрі жалған, нағыз жалған,
Ағысты арна іздедім аңыздардан.
Шырылдап шегірткелер шілде түссе,
Талықсып таң келеді тамыздардан.
Қайран менің күндерім, құлаш керген,
Қанатының қағысы ұласты өрмен.
Жырларымнан жер-жаһан жалау ұстап,
Мекен-жайын бақыттың сұрасты елден.
Тұнжыраған жанарын мұң басқанда,
Күлгін шоқтар ұшады түнгі аспанда.
Алтын тамшы сыңғырлап үзіледі,
Жым-жырт дүние жымиып ымдасқанда.
Құдайым, талап берген, бақ бермеген,
Арғымақ ырғып тұрды ақ кермеден.
Маралтай тірісінде жүрді есікте,
Топастар уәж жолдаса қақ төрменен.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі