Өлең, жыр, ақындар

Жалау жанында айтылған ән

Менің 16-17 жастағы кезім. 1901 жылдың күзі. Әкем марқұм шақырып алды да:

— Шырағым, Жақан, жасың болса 16-17-ге келіп қалды. Үйдегі күнкөріс қарекетімізді көріп отырсың, тапқанымыз тамағымызға жетпей отырғанын. Жұрт мынау іргеміздегі Екібасқа ағылып барып жатыр. Онда жұмыс істеп ақша тауып жатқан көрінеді. Бала-шағалар мен шешең ауылда отыра тұрсын. Екеуміз Екібасқа барайық, жұмыс істеп ақша табайық — деді.

— Жарайды, әке! — дедім мен.

Әкеміз екеуміз Екібастұзға келдік. Келсек біз секілді жұмыс іздеп келушілер өте көп екен. Тіпті, бала-шағаларымен шұбырып келушілер де бар екен. Келгендерге бірден жұмыс табыла қойған жоқ. Жұмысқа түспегендерге үй де бермейді. Тіпті, бұрынғы орнықты жұмысшылардың өздерінің үйлері де жоқ екен. Сондықтан үйсіз, азықсыз, қорғансыз қалған босқындар күні-түні далада жатты. Жонды алып кетті. Кешкілікте отбасында айнала отырысқандар ауыр күрсіне отырып қайғылы әнге салатын еді. Соның нәбір жері ғана есімде қалыпты:

Келдік біз Ерейменнің даласынан,
Қашқан көп ағайынның жаласынан.
Қамалдық Екібасқа барша халық
Ағылған Ертіс, Баян саласынан.
Жазылар күн болар ма біз сорлыға,
Денеге салған өмір жарасынан.

О, шіркін дүние десейші?! Нені көрмедік? Нені естімедік? Жиналған халықты жұмысқа бүгін аламыз, ертең аламыз деп, күзгі суық түскенше қамамасы бар емес пе? Ақырында жұмысқа да қалтасында пұлы бар адамдар ғана алынды. Қалғандары қар түсе бет-бетімен шұбырып кетті. Сондайды да көргенбіз.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз