Бір байдың үлкен тойында бәйгеден бір жүйрік озып келеді. Әлгі жүйрікке екі рулы ел таласып, қамшы сілтескен төбелеске айналады. Ақырында екі жағы да Ақбота биге жүгінеді. Сонда Төле ағасына:
— Билікті маған беріңіз, мен шешейін, — деген соң, ағасы тілге келмей:
— Уай, қауым, халқым менің, мен билікті інім Төлеге бердім. Әділеттігіне бас игейсіздер, — деп жар салады. Қалың ел енді екі даугердің сөзін тыңдайды.
Жүйрігі бірінші келген, бәйгеден озған кісі қамшысын ортаға:
— Дат, бала би, — деп тастайды да өлеңдетіп соғады:
Сөзіме куә тартқан қалың елді,
Сипаған аузын үрлеп малым еді.
Қолбала сегіз жаста, тісі бүтін,
Туғаннан бар мінезі мәлім еді.
Бәйгеден жас кезінде-ақ озып жүрген,
Қуғанда киік артта қалып еді.
Кездері киік қуған тайында еді,
Қарынын үш киіктің жарып еді.
«Сауға» деп мына екеуі екеуін ап,
Қазанға қазы қосып салып еді.
Етті жеп, ауқаттанып отырғанда,
Мына төртеу біздерге барып еді,
Бәйгеден жеті жылдан келеді озып,
Халқыма жеті рулы мәлім еді, —
деп, ә дегенде екі адамды, қала берді үстеріне барған төрт адамды куәлікке тартып, дес бермеуге айналды. Сонда «ат менікі» деп отырған Төлебай сыншы қамшысын тастайды да, өз дәлелін айтты.
— Мені ел босқа сыншы деп атап жүрген жоқ. Мен өмірімде көрмеген малдың енесін көріп, төлін танимын. Төлін көріп енесін дәл ажыратамын. Ал мынау жүйрік ат менің боз биемнің құлыны екені даусыз. Бір кезде буаз кезінде боз бием қолды болды да, көз жазып қалдым. Ұры ауылымды торуылдап жүрген кезінде қолға түсіру үшін сойдауыттай жігіттерді күндіз-түні жылқыға қарауылдаттым. Арада бір
жыл өткенде боз биемді мініп, жылқы ұрлауға келген ұры қашып құтылды. Биемді тастап қашқан екен. Ауаға ұшқаны, жерге сіңіп кеткені белгісіз, зым-зия құрыды.
Бием қолды болса да өзіме келді. Ал құлыны қайда деп жүретін едім. Бүгін бәйгеден озып келген сұр қасқаның осы боз биеден туған құлын екенін танып, «өзіме қайтар, бәйгеге сен-ақ ие бола ғой» десем, көнер емес. Оның соңы төбелеске айналғанын бәрің де көріп-білдің. Ал, бала би, атаңның әруағы қолдасын, әділ төрелігіңді өзің айт! — дейді.
Төлебайдың сыншылығынан басқа дәлелдері жоқ екенін халық: «ойпыр-ай, бұл дауды қалай шешер екен бала би? Аналар өліспей беріспейін деп отыр емес пе? Төлебай сыншы екенін, елге кеткен дабыра атын пайдаланып, біреудің жүйрік атына ауыз салып отыр демеске амал жоқ. Дегенмен, шешуі қиын іс болды» деп өзара сыбырласып отырғанда
Төле саңқ ете түсті:
— Уай, жамағат, екі жағың да естіп білдіңдер. Ал мен былай ету керек деп есептеймін. Екі жақтың да осы тұлпардың енесі атанған биелерін әкелуді сұранамын, — деді. Билік жасаушының сөзі екі болған жоқ. Түнделетіп екі жақтан да биелер жеткізілді. Енді Төле:
— Екі бие де бір бағытпен үш күндік жолға айдалсын. Үш күн дамыл бермей жорғалатып, шаршатып келсін, — деді.
Екеуіне де бала мінгізді де, қаумалаған қалың топтың ішінен екі-үш адам бөлініп, биелерді жолға аттандырып, бірге жөнелді.
Үшінші күні ел билік құрылған төбе басына жиналды. Екі бала да ақ көбігі шығып, ентіге жетті. Анадай жерде байлаулы тұрған тұлпарға Төлебайдың тарпаң биесі оқыранып, желінінен сүт ағып иіскелеп тұра қалды. Тұлпар да енесін танып оқыранды.
— Сенің малың екен. Тұлпар сенікі, — деді Төле Төлебайға, елге:
— Кәні, не айтасыңдар, — деп алақанын жайғанда, ел гуілдеп кетті.
— Атаңа рахмет, көп жаса, шырағым. Өркенің өсе берсін! Шын әділ, дана би сен екенсің, билігіңнен айналдық, — десіп бата беріп жатқанда, даугер «Дат!» деп айқайлап жіберді.
— Датың болса, айт! — дейді ел. Сонда бұжыр бет, жөң айбат, түсі суық әлгі даугер былай деді:
— Мен атышулы, баукеспе ұры едім. Жүйрік атты көбірек ұрлайтынмын-ды. осы Төлебай сыншының жүйрігінің бірін қолға түсіремін деп көп әурелендім. Бір жолы айдалада жайылып жүрген тарпаң, боз биені көрдім де, желіндеп қалғанын білдім. «Қалай ғана тұлпар тумас дейсің» деп іле жөнелдім. Ауылыма келген соң еш адамға көрсетпей оңаша бақтым. Үмітім алдамаған екен, көпке ұзамай аман-сау құлындады. Сұр қасқа жануардың аузын үрлеп, қолбала етіп тәрбиеледім. Құлыннан-ақ жануардың жүйрік шығатыны белгілі еді. Еліміздегі небір сыншылар көріп: «Бұл әлі тайында-ақ алдына ат салмайтын арғымақ болады», — деп жағаларына түкірісті.
Мен оларға өз биемнен туғанын айттым. Неге десеңіз, сол кезде құлындаған өз биемнің құлынын қасқыр жеп кеткендіктен, сұр қасқаны өз биеме телігем-ді. Боз биені күндердің күнінде біреу-міреу таныса, «биемен қоса жүйрік құлынымнан да айырылып қалармын» деп қауіптендім. Онымды Құдай қос көрмеді. Міне, ақырында малы иесін тапты. Ал ақ боз биемен Төлебайдың ауылына екінші рет келуімнің мәні — «биені жылқышылар таныса, тастап қашармын, ал танымаса, осы тарпаңның тағы бір ұрпағын қағып қайтырмын» деген ниет еді. Қанша дегенмен жылқы баласы өз енесінен безе қашпайды, иісінен, түсінен сезіп оқыранса, қолға тез түседі, жетекке аламын да кете барамын деген ниеттен туындады. Бірақ бұл жолы қолға түсіп қала жаздаған соң, «бастан құлақ садаға» дедім де, биеден түсе қашып, бір қуыстың ішіне сүңгіп кеттім. Содан таң саз бере ғана жылқышылардың қарасы өшкен соң, жаяу-жалпы жан амандадым. Осы жолы «енді ұрлықты қояйын» деп өзіме-өзім ант етіп, Құдай алдында уәде бердім.
Ал сұрқасқаны қаншама жылдар бойы бәйгеге қосқанда жүлдені берген емеспін. Сол үшінде көңілім көтеріліп, ел қатарына теңеліп жүруші едім. Өтірік айтуымның да, жанымды сатуымның да мәнісі — осы. Ал, жамағат, өркенің өскір мына Төле — «бала би» ақиқатына жетті. Құдай енді мені өтірік айтқызып, қарабет ете көрмесін. Аллаһу Акпар! — деп батасын беріп, жөніне кетіпті. Қалың ел Төленің терең ақылына, әділ билігіне риза болып тарасады.
* * *
Төле би елді билеп тұрған заманында тағы да әділ билік жасайтын оқиғаға кездеседі.
Қала маңында саяттап жүргенде Төле би түйе қуған кісіні көреді. Лекілдеп, басын сәл ғана еңкейте, мойнын созып жіберіп, тайраңдап барады, қайтару берер емес. Ашуы келген қуғыншы қолындағы таяғын лақтырып жібергенде үлектің көзіне бата тиіп, бір көзі ағып түседі. Әлгі түйе қуғанды бақылап жатқан екінші бір қара сақалды орта жастағы адам түйенің көзі шыққанын аңдып қалады да:
— А, ант ұрған, мен саған түйемді осылай қайтар деп пе едім,—деп ұмтылады. Түйенің көзін шығарған кісі артынан ақырып, қамшысын білеп келе жатқан кісіден сескеніп, тұра қашады. Қуғыншы өкшелеп, біраз жерге дейін қуып барады да, жүгірісі баяулай бастайды, бірақ қуудан бас тартар емес.
Төле би аң-таң қалады да, басын шайқап жөніне кете барады. Ал бұл кезде қуғыншы мен қашушының арасы алшақтай, ұзай береді. Алдынан Шыршық өзенінің жағасында тұрған қайықшыны көрген қашушы:
— Мені мына келе жатқан қызылсөзден құтқар. Өзеннің арғы бетіне жеткізіп тастай гөр. Құдай жолына кетіп бара жатқан кісімін. Мекке-Мәдинеге тәуап жасау үшін дайындалған кісі едім, — дейді.
Қайықшы қырсықтың бірі еді. «Жаналғыш» пен «жанбергіштің» мына секілді қысылтаяң кезін пайдаланып қалғысы келеді де:
— Бір ширек қоң етіңнен кесіп берсең, пәледен қазір құтқарамын, — деп талап қояды. Қашушы анау жанкештіден аман құтылу үшін «айтқаныңды істеймін» деп келісе салады. Бірақ ол «қайықшы қалжыңдаған болар» деп ойлайды. Қайықшы қайығын асау толқыннан сыпылдатып, ойнақшытып алып өтеді. Арғы бетке шыққанда, бергі бетке жеткен қуғыншы қамшысын білеп:
— Жердің жарығына кіріп кетсең де, түйем секілді бір көзіңді ағызбай қоймаймын, — деп қайықшыны қолын бұлғап шақырып азаптанады. Қайықшы оның сөзін кәріне де алмайды. Ал қуғыншы құрғақ бұталарды байланыстырады да, суға күмп береді. Онымен жұмысы шамалы қайықшы қонышынан жалаңдаған қанжарын суырып алады да, қашқынға қарап:
— Кәне, уәде — Құдай аты. Бір ширек қоң етіңнен кесіп алайын, — деп тап береді. Қашқын мына қаныпезердің өзін қуып келе жатқан сұмнан да жауыз екенін біледі де, «тек қашып құтылайын» деген оймен зыта береді. Бұл кезде қуғыншы да үсті-басы малмаңдай болып, бергі жағаға шығып үлгерген еді. Енді екеуі болып қашқынның соңынан өкшелей қуды. Қиқулап, «ұстай бер» деп айқайлайды. Кезек-кезек: «иә, Құдай қолға түсіре гөр!» деп сарнап келеді екі антұрған. Қашқын да: «иә, Құдай, өзің жар бола гөр! Құдай жолына бара жатқанда масқара ете көрме», — деп зар еңіреп, безіп келеді. Кәрілердің айтуынша, «қашқын да Құдай дейді, қуған да Құдай дейді» деген мәтел осыдан қалса керек. Қашқын көз ұшында көрінген, бір жағы жәпірейіліп, жерге шөгіп жатқан бір тамды көреді де, «тым болмаса қуысына
тығылайын» деп жетіп келеді. Жер тамның алдыңғы жағы биіктеу екен. Тамға қарғып шығады. Екі қуғыншы да етектен қармау үшін тамға өрмелей береді. Тамның үстінде ұстаса шәрмендем шығар деп, екінші жағындғы биіктеу тұсынан тәуекел дейді де қарғып кетеді. Ол қарғып түскенде аяқ астынан былқ ете қалған адамның «ап» деген үнін естіп, жалт қараса, сақалы белуарынан түскен, шалқасынан жатқан адамның жантәсілім еткендегі соңғы үні. Бақса өлмелі, кесел әкесінің аузына бір жігіт су тамызып отыр екен.
Жігіт шар етіп, әкесін құшақтай берді де, жаны жаһаннамға кеткенін біліп, секіріп түскен қашқынның алқымынан ала түсті. Алақтаған, зәресі зәр түбіне кеткен қашқын «енді шаруам бітті» деді де, «біреудің қанын жүктеп қашқаным мұсылмандықтан садаға кетсін, маңдайыма жазыл-
ғанын көрейін», — деген ниетпен қолға пенде болып түсті. Енді үшеуі үш жағынан төнді. Таяқтады, есінен тандырды. Қызыл ала қан етті. Қашқын есін жиғанда үш «әзірейілдің» өзара дауласып отырғанын көрді. Соңғысы айтады:
— Егер сен көзін шығарсаң, ал сен етін кесіп алсаң, бұл өледі. Сонда мен әкемнің құнын кімнен даулаймын, — деп.
Біріншісі айтады: «Сен қоң етін кесіп алғанда қан көп кетсе, бұл о дүниеге жөнеп кетеді. Сонда менің көзін шығарғаннан келер пайдам бар ма? Ал мен мұны құлақ кесті құлым есебінде түйемді бақтыруым керек емес пе?» — деп.
Екіншісі айтады: «Маған қоң етін кесіп берем деген. Мен екі сөйлемеймін. Міне қанжарым. Кесіп аламын да қайығыма кетемін. Бүгінгі табысымнан құр қалдым. Шалтай-балтайыңды білмеймін». Көзін ашқан қашқынның есіне мана зытып, қуғыншы-түйе иесінен басын арашалап бара жатқанда Төле биді көзі шалып қалғаны есіне түсті де, төрелікті өзі айтты:
— Сендер мені боршалап өлтіргеннен пайда жоқ. Бәрің де мақсатыңа жете алмай: бірің әкеңнің құнын, бірің көзімді шығарып, түйе бақтыра алмай қапы қаласың. Ал қоң етімді алған соң мен сендерге жоқпын. Мына қайықшыға көнбеңдер. Үшеулеріңнің де үлесіңді бір өндіріп берсе, Төле би өндіреді. Сол әділ биге бәріміз жүгінейік. Әне, сонда діттеген мақсаттарыңа жетесіңдер, — деп еді, кіл елірген немелер сап басылып, келісе кетті.
Сонымен бұл төртеу Төле би саяттан қайтып үйіне келіп, шайланып отырғанда бірін-бірі сүйрелеп жетті. Төле би манағы қашқан мен қуғанды бір көргенде-ақ таниды. Бұл үшеуінің дауын тыңдамақ болып халық көп жиналды. Би алдында қашқын өзінің Мекке-Мәдинеге барамын, тағы да тәуеп жасап қайтамын деген ниетте екенін, жолға асығыс қамданып отырғанда, мына қожасы «қашаған түйемді қайтарып әкеліп бер» деп күштеген соң амалсыз айтқанын істеймін деп жүріп, таяғы жазым тиіп, бір көзінің шығып кеткенін, ал бұл ант атқан «түйемнің бір көзін шығардың, сол үшін сенің де бір көзіңді шығарып, құнын өндіремін» деген соң жанталаса қашқанын, сол қашу кезінде мына екі пәлелі іске кездескенін айтып береді. Қалған екеуі өздерінің дауын айтады.
— Әділ би, күнәһардан тиемелдімізді алып бер, — деп өтініш жасайды.
— Ендеше, мен билік жасайын. Бірінші түйенің егесі, сен шыққан көздің орнына мұның көзін шығармақ екенсің. Сен мына көпшілік алдында расында айтшы, бұл үлекке таяғын қанша жерден лақтырып еді? — деді.
— Арқан бойы жерден лақтырды, — деп аңғал қуғыншы шынын айтты.
— Есітіп тұрсыңдар ғой, жамағат? — деп Төле би елге қарады.
— Естіп тұрмыз, — деп шулады көпшілік.
— Ендеше, мен сенің қолыңа сондай таяқ беремін. Қашқын сенен арқан бойы қашық жерде саған қасқайып қарап тұрады. Сен таяғыңды көзін дәлдеп лақтыр да, бір көзін шығар. Көзі шыққанына бұл риза, шығарғаныңа сен риза, — деді Төле би.
Түйенің егесі ойланып қалды. Алыстан лақтырған таяғының көзіне тиюі неғайбыл. «Елге — күлкі, дұшпанға таба» болып, ақымақ, әңгүдік атанғанша, таяқ лақтырудан бас тартайын» деген байламға келеді де:
— Е, мен көзіне дәл тигіземін деп айта алмаймын, биеке, — деп міңгірлейді.
— Олай болса, саған құн жоқ. Есіңде болсын, «жазым» деген болады. Қазақта «жазым болса, балшықтан тіс сынады» деген мәтел босқа айтылған емес. Есіңді жи. Құдайдан қорық. Сен боссың, — дейді де қайықшыға бұрылады:
— Сен қайықпен өткізгенде «бір ширек қоң етіңнен кесіп аламын» деген екенсің. Қолыңа пышақ ал. Егер не артық, не кем болса, басың байлауда, малың айдауда. Күллі халық қатысып өлшейміз. Осыныма келіс те, кәне, іске кіріс, — деп қынынан жарқ еткізіп алмас кездігін шығарып, қайықшының қолына береді.
Қайықшының басы салбырап, тұқырды да қалды. Әлден соң барып: «Бір ширек қоң етін дәл мөлшерде кесіп аламын деп айта алмаймын, Төле би», — деп жан-жағындағыларға алаңдайды.
— Сен мұсылман баласысың. Адамдық парыз деген және бар. Сауап жасағаның үшін көрінгеннің қанын ағызсаң, онда күпір болғаның. Сен өз басыңды өзің арашалап тұрсың. Егер қан шығаруға әрекет еткенде халық алдында дарға тартқызар едім. Бар, жөнел! Кәлимаға тіліңді келтір де, дәрет алып, бес уақыт намазыңды оқу парызың екенін ұмытпа! Сен діннен безген кәпір екенсің. Егер бұл қашқын кездеспегенде, сен талайдың обалына қалар едің. Бес парызыңды, онан туындайтын қырық парызыңды орындап жүргейсің. Мұнан былай сені бақылауға аламын. Сен судан қайықпен өткізгенде ақысын сұрама, бар кісі өзі-ақ еңбегіңді ескереді. Ақысын төлейді. Жоққа жүйрік жетпейді. Жоқ-жұтаңның қанына құштарлығыңды тоқтат, — деп айдап салады.
— Сауап үшін істеген едім. Кешіре көріңіздер, — деп қайықшы аузын жыбырлатып, тәубесіне келген кісімсініп тайқи береді.
Төле би әкесі өлген жігітке қарады:
— Бір топ адаммен сенің үйіңе барамыз қазір. Әкең ауырып жатқан жерге мына қашқынды сұлатамыз. Сен тамыңның бергі жайпақ жағынан өрмелей шыққан күйі жүгірген бойда тамның алдыңғы жағынан қарғисың. Мына қашқынның дәл үстіне түсіп өлтіресің. Егер дәл үстіне секіре алмасаң және аяғыңды сындырып па, мертіксең, өз обалың өзіңе. Кәне, жамағат, мұныма не дейсіңдер? — деп халыққа қарады.
— Жөн сөз. Сөйткен жөн, — десті жұрт, — Бұдан артық қандай әділет болмақ.
— Дұрыс, солай етейік, — деген дауыстар әр жерден естіліп жатты.
Әкесі өлген де ақымақтан емес еді. Шынында да қашқын асып-сасып, соңынан өкшелеп келе жатқандардан қайтсем құтыламын деп биік үйден секіріп кетті емес пе? Ол секіріп түсетін жерінде оның әкесінің жатқанын білген де, көрген де жоқ қой.
— Би-еке, енді түсіндім. Әкемнің құнын сұрамай-ақ қойдым, — деді.
— Әкеңнің дәл сол сәтте ажалы жеткен еді. Ажалы жеткен кісіні сандыққа сақтап қойсаң да, дүниеден дәл кезінде көшеді. Сасық кеудеден шыбын жаны шырқырап ұшып жөнеледі. Сен де күпірлік жасағансың. «Ажал — Құдайдан, себеп — адамнан» дегенді білмегенің — күнә. Бар, әкеңнің иманы салауат, топырағы торқа болсын! — деді де, отыра қалып, ұзақ Құран оқыды. Елдің бәрі де бидің ыңғайына жығылып, беттерін сипасты.
Әкесі өлген жігіт те Төле бидің әділ үкіміне риза болып, қолын алып, кешірім сұрай-сұрай жөніне кетеді. Ол ұзай бергенде манадан бері жанын шүберекке түйіп, «ажалым үшеуінің қайсысынан келер екен, яки қайсысына құн төлейтін болып өмір бақи борыштар құл есебінде, есігінің алдында өксумен өмірім өтер екен», — деп, қан-сөлсіз, сілейіп тұрған «қашқын» жанының аман қалғанына, борышсыз құтылғанына көзі жеткен соң, Төле бидің алдына етбетінен жығылып, еңіреп жібереді. Төле оны орнынан тұрғызады.
Сонда қашқын:
— Мен өлер едім. Меккеге бұдан бұрын да алты рет барғанмын. Соның алтауының да сауабын мен әділ би Төле, сізге бағыштасам, бар малы-жанымды берсем, қарызымды кешіресің бе? — деді еңкілдеп тұрып:
— Ал мен де сауапсыз қалмаспын, тірі жүрсем. Осы жолғы сапарым жетінші. Алла Тағаланың рақымы мол, кенде қалмаспын.
Төле би аң-таң қалды. Көз жасын тыйғызды да, былай деді:
— Қажыеке, мына айтқаның қате сөзің,
Таймаушы ем әділдіктен жастан өзім.
Пәре, дүние, туысқа бұрғаным жоқ,
Төрелік тоғыз жастан айтқан едім.
Келемін нашарларға рақым етіп,
Зорсынғанды жөндеймін — бір мінезім,
Қалмаңыз жолыңыздан, енді ұлықсат,
Бір ауыз бата берген керек сөзің, — дейді.
Қажы:
— Халқыңның ағасы бол,
Еліңнің панасы бол!
Алла, періштелер қолдасын,
Қызыр, бақ болсын жолдасың.
Әруақтар пәле-жаладан
Көзден, тілден қорғасын.
Жолың әманда ақ,
Мінгенің тақ болсын.
ұрпағың өсіп-өнсін,
Көсегең көгерсін! —
деп батасын беріп, қажылық жолына қарай жүре берген екен.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі